2013 жылдың 18 наурызында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Павлодар облысы әкімі Ерлан Арынның қатысуымен ПМУ Қамқоршылық кеңесінің бірінші ұйымдық отырысы өтті.

Қамқоршылық кеңес – білім беру мекемесінің ресурстық базасын нығайтуын қамтамасыз ететін қоғамдық басқару органы. Кеңес білім беру мекемесіне мақсатты түрде бөлінетін бюджеттен тыс қаражаттарды нысаналы пайдалануға бақылау жасайды.

Қамқоршылық кеңесінің отырысын ашқан ПМУ-дың ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев жиналған қауымның назарына 2013 жылдың 27 ақпанында өткен университеттің Ғылыми кеңесінің барысында қарастырылған Қамқоршылық кеңесінің басшылығы және мүшелік құрамын бекітуді ұсынды.

Облыс әкімі Ерлан Арын университеттің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып бір ауыздан сайланды.

Отырыс барысында облыстың белгілі қоғам қайраткерлері мен ірі кәсіпорындарының басшылары бір ауыздан Университеттің Қамқоршылық кеңесінің құрамына толық мүшелікке қабылданды.

Қамқоршылық кеңесінің құрамына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Серік Өмірбаев, «Екібастұздық ГРЭС-2» станциясы» АҚ директоры Владимир Белов, «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ бас директоры Шухрат Данбай, «Кастинг» ЖШС ПФ директоры Юрий Карман, «Мұнайхим LTD» компаниясы» ЖШС директоры Ерлан Құсанов, «Каустик» АҚ басқармасының төрағасы Ерлан Орымбеков, Павлодар облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Абылай Сейітжанов, «Казэнергокабель» АҚ бас директоры Денис Семенов, Павлодар картон-рубероид зауытының директоры Николай Шабрат, «Богатырь Көмір» ЖШС директоры Виктор Щукин енгізілді.

Қамқоршылық кеңесінің мүшелері ПМУ-дың ректоры С.Өмірбаевтың университеттің стратегиялық жоспары жөніндегі баяндамасын тыңдады. Жоспардың негізгі бағыты – ПМУ-ды зерттеу-инновациялық университетіне айналдыру. Сонымен қатар, университеттің стратегиялық жоспарына «Gylym city» жобасы кіреді. Бұл университеттің зертханалары мен ғылым бөлімшелерінің нығайтылған кешені деп Серік Мәуленұлы мәлемдеді.

Отырыстың соңында кеңес мүшелері С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Қамқоршылық кеңесінің 2012 – 2013 оқу жылына арналған жоспарын бекітті.