2013 жылдың 4 наурызында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Темірғали Әбілмәжінов С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне арнайы іс–сапармен келді.

Іс-сапардың барысында ПМУ-дың ректоры Серік Өмірбаев Темірғали Әбілмәжіновты университеттің ақпараттандыру жүйесімен таныстырып өтті. Университеттің ақпараттандыру жүйесінің құрамына білім беру порталы, «e-Learning CDT» атты мультисервистік ақпараттандыру жүйесі, электрондық құжат айналым жүйесі, ақпараттық-коммуникациялық жүйесі (ақпараттық киосктер, бейнеконференц-байланысы, 19 интерактивтік проекторлар және т.б.) кіреді.

Серік Мәуленұлының айтуы бойынша, С.Торайғыров атындағы ПМУ-да инновациялық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бірыңғай ақпараттық ортаны әзірлеу әрі нақты уақыт тәртібінде өзгеретін өзекті ақпаратты университеттің студенттері, қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамына пайдалануға беру және де жалпы түрде оқыту үрдісін бақылау мақсатымен енгізіледі.

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Білім беруді ақпараттандыру орталығының басшысы Дәрия Әбікенова жоғары лауазымды қонақты электрондық университет жүйесімен таныстырып өтті.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың директоры Саида Исамадиева ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілінің назарына сирек кітаптар қорын, «Рухнама» топтамасының кітаптарын, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, С.Торайғыров жайындағы жинақ кітаптарын, сонымен қатар, Нобелдік дәрістер топтамасын ұсынды.

Арнайы іс-сапардың аясында Т. Текебасұлы ПМУ-дың ғылыми зертханаларын көріп шықты. Жоғары лауазымды қонақты Зоотехнология, генетика және селекция кафедрасының профессоры, б.ғ.к. М. Аятханұлы «Жануарлар биотехнологиясы» зертханасымен, Химия және химиялық технология кафедрасының доценті, х.ғ.к. Э. Копишев «Химиялық наноқұрылған полимерлік гидрогельдер мен наноэлектроника» зертханасымен, Агротехнологиялық факультетінің деканы, а.ғ.д., профессор Т. Бексейтов «Өсімдік биотехнологиясы» зертханасымен, ПМУ-дың «Қуат үнемдеу және технологиялар» ғылыми-өндіріс орталығының басшысы т.ғ.д., ЖАК профессоры Б. Өтеғұлов «Қуат үнемдеу және технология» зертханасымен таныстырды.