Торайғыров университеті мен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті өзара ынтымақтастық туралы келісті. 

Кездесуге Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Қабидоллаұлы Әлібаев, университет тарапынан ЖОО ректоры Еркін Садықов және т.ғ. к., қауымдастырылған профессор (доцент) Қайратолла Әбішев қатысты.

- Республикалық ведомствода стандарттау және сертификаттау бағытын күшейту және бейінді кафедрада докторантураны іске қосу жөніндегі бастамамызды жоғары бағалады. Әрине, біздің барлық күш-жігеріміз бейінді мамандардың қолдауынсыз тиімсіз болар еді. Сондықтан бүгін біз Павлодар облысы техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Айбек Әлібаевпен кездестік. Біздің қонағымыз бүгінгі таңда стандарттау мен сертификаттауда жоғары білікті мамандар өте қажет екенін және оларды өңірлік деңгейде дайындау бүкіл сала үшін үлкен көмек болатынын атап өтті, - деді ЖОО ректоры Еркін Садықов.

Кездесулерде кадрлар даярлау, білім беру және зерттеу қызметі саласындағы 2023-2028 жылдарға арналған ҚР ИДМ ҚТРМ мен  Торайғыров университеті арасындағы ынтымақтастықты іске асыру жөніндегі жол картасы талқыланды.