Торайғыров университетінде «ХХ ғасырдағы химиялық технологиялар мен химияның үдерістері және заманауи жетістіктері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

Сонымен қатар, химия және химиялық технологиялар кафедрасында ғылыми зерттеулерге арналған кабинет ашылды.
Жиналғандар алдында жоғары оқу орнының ректоры Еркін Садықов сөз алды.
- Конференция аралас форматта өтіп жатыр. Бұл формат Қазақстан өңірлері мен алыс-жақын шет елдердің қатысушыларын біріктіруге мүмкіндік береді. Конференцияға деген сұраныс жоғары, маңыздылығына да баса мән берудеміз. Біздің университет зерттеу мен ғылым орталығы болып табылады. Бүгін біздің алаңда қазақстандық және шетелдік оқу орындары, ғылыми орталықтары, химиялық және мұнай-химиялық кәсіпорындардың жетекші ғалымдары жиналып, маңызды мәселелерді талқылап жатыр, - деді Еркін Садықов.
Конференция барысында Ресей және Польша ғалымдары баяндама жасады.
Айта кетейік, университет дуалды оқыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында кадр даярлау бойынша кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмыс істеп жатыр. Бұл конференция өнеркәсіптік кәсіпорындардың серіктестікке деген қызығушылығын көрсетіп отыр. ЖОО ірі кәсіпорындармен серіктес, олар:  «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Каустик» АҚ, «Компания «Нефтехим ЛТД» ЖШС,  «УПНК ПВ» ЖШС және химия және энергетика салаларының өзге де компаниялары.  
Конференцияға жоғары оқу орындарының ғалымдарымен қатар, «ҚазМұнайХим» ЖШС директоры Ілияс Бейсембаев, «SGS KAZAKHSTAN LTD» ЖШС химиялық менеджері Алевтина Попова, «ЭОН Энерго» ЖШС атқарушы директоры Вадим Тулисов, «AVC Group» ЖШС құрылыс жөніндегі директоры Алексей Пузырёв қатысты.

Конференция барысында ҚР-ның жетекші ЖОО-ларымен серіктестік орнату арқылы инжинирингтік компаниялардың құзыреттілігін дамыту, салаға қатысты маңызды мәселелері, сонымен қатар, еліміздегі хмиялық өнеркәсіпті тұрақты дамыту жағы талқыланды.