Торайғыров университеті қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, Foundation факультетінің деканы Сәуле Ксембаева Маңғыстау облысының түлектеріне мақсатты гранттарды бөлу тақырыбы бойынша брифингке қатысты.

Хатшының айтуынша, биыл маңғыстаулық жастар үшін 1500 мақсатты грант бөлінді. Олар педагогикалық және ақпараттық-технологиялық ғылымдар, инженерлік және техникалық мамандықтар бойынша тегін білім ала алады. Оқу жылы аяқталған соң ата-аналар мен талапкерлер 42 ЖОО ішінен қалаған жоғары оқу орнын таңдай алады.
- Қазіргі уақытта аймақта инженерлік мамандықтар тапшы. ІТ-мамандықтар да қажет. Мақсатты оқу гранттарын үлестіру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Сондықтан, біз отандық еңбек нарығына қажет мамандықтарды даярлауымыз керек, - дейді Сәуле Ксембаева.
Алыстан келген студенттер жатақханамен қамтылған. Университетте шетелдік мамандар да білім береді. Сонымен қатар, әскери білім алғысы келетін студенттер үшін әскери кафедра жұмыс істейді. Ал шетелде тіл оқимын деушілерге академиялық ұтқырлық және қос дипломдық бағдарлама бар.