Осындай атаумен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Тұңғыш Президент күніне орай дөңгелек үстел шарасы өтті. Жиналған қауым Қазақстанның сыртқы және ішкі саяси аренадағы орны, Елбасының арқасында қол жеткізілген жетістіктер туралы сөз қозғады.

Соңғы күндері Павлодар мемлекеттік университетінде Тұңғыш Президент күніне орайластырылған шаралар ұйымдастырылуда. Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер, сондай-ақ, басқару және саясаттану кафедраларының мұрындық болуымен өткен дөңгелек үстел сарапшылардың басын қосты. Сала мамандары еліміздегі саяси өзгерістер турасында ой өрбітіп, баға берді.

Жиынға «Нұр Отан» партиясының мүшелері, ішкі саясат және жастар саясаты жөніндегі басқарманың өкілдері мен шетелдік меймандар қатысты.

- Бүгінгі кездесуде Қазақстанның әлемдік сахнадағы жетістіктері туралы пікір алмастық. Тәуелсіздігіміздің 27 жылы ішінде мемлекетіміз талай белесті бағындырды. Алда талай жоспарлар бар. Бүгінде дамыған елдермен иық тірестіріп, қатарына ені. Бұл -Президентіміздің де мақсаты, - дейді философия және әлеуметтік-гуманитарлық кафедрасының меңгерушісі Майра Қожамжарова.

Айта кетейік, Тұңғыш Президент күні Қазақстанда 2012 жылдан бері аталып өтіліп келеді. 1991 жылдың 1 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаев сайлауда жеңіске жетіп, мемлекет басшысы атанды.