С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Білім күнін үш мыңға жуық студент атап өтті.

Салтанатты шараны ашқан С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, филос.ғ.к. Гаухар Ахметова бірінші курс студенттерін құттықтап, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 58-ші қабылдауы оқу орнының тарихында табысты сәттермен есте қалатынына сенімділік білдірді.

Университет табалдырығын аттаған студенттерді құттықтағандардың қатарында «Railways systems KZ» ЖШС-нің өкілі Артур Хачатурян, «Проммашкомплект» ЖШС-нің бас директоры Станислав Цупа, металлургия, машина жасау және көлік факультетінің құрметті деканы, профессор Төлеуғазы Тоқтағанов және университеттің ардагерлер Кеңесінің Раиса Мұстафина болды.

Сонымен қатар, бұл күні С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің металлургия, машина жасау және көлік факультетінде «Проммашкомплект» ЖШС-нің мамандандырылған аудиториясы ашылды.

Жаңа аудитория кәсіпорын мен жоғары оқу орны арасындағы әріптестік көкжиегін кеңейтуге оң септігін тигізбек.

- Бизнес қауымдастықтың оқу үрдісіне белсенді араласуы уақыт талаптарын орындаудағы маңызды іс болмақ. «Проммашкомплект» ЖШС еліміздегі теміржол машина жасау саласының үздігі болып табылады. Біз сенімді серіктестік болғанымызға қуаныштымыз, - дейді Г. Ахметова.

Серіктестік бағдарламасы шеңберінде университет пен ЖШС тиімді оқу үрдісін қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-әдістемелік материалдар мен қажетті жабдықтарды ұсынды.

Айта кетейік, студенттер кәсіпорында өндірістік тәжірибе мен тағылымдамадан алты жыл бойы өтіп келеді.