С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жергілікті мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі мамандарына арналған екі күндік семинар өтті.

Кездесудің басты мақсаты – жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында көрсету тетіктерін айқындау, шынайы ғана емес, қызықты және қолжетімді ақпаратты жариялауды үйрету.

Мемлекеттік қызметкерлер мен баспасөз өкілдерімен байланыс және әлеуметтік желілердегі негізгі құралдар туралы PR-кеңесші, White Media агенттігінің директоры Ринат Балғабаев айтып берді.

«Халыққа қызмет көрсететін ұйым әлеуметтік желілерде көрініс таппаса, бұл мемлекеттік ұйымның жоқтығымен пара-пар. Себебі, мақсатты топ әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Бүгінде өз идеялары мен мақсаттарын ғаламтор арқылы жеткізген оңай әрі жедел. Әлеуметтік желілердің көмегімен орын алған оқиғалардың шынайы көрінісіне көз жеткізіп, кері байланыс орнатуға болады», – дейді Р. Балғабаев.

«Ирбис» телеарнасының шығарушы редакторы, «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ-ның баспасөз хатшысы Тимофей Голевтің тренингі пресс-релизды құрастыру, баспасөз хатшыларының журналистермен байланыс орнатуы, сонымен қатар, журналистік сұраныстар мен «алтын сағат» ережелеріне арналды.

Тренинг шеңберінде қатысушылар арасында әлеуметтік желілерді жетілдіру және команда құру бойынша нетворкинг өтті.