Биыл Ертіс өңірінің жұртшылығы әйгілі қазақ ақыны, публицист, этнограф және ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мерейтой шеңберінде Павлодар мемлекеттік университеті орыс филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен әдеби кеш өтті.

Жерлесіміздің шығармашылығы мен өнегелі өмірі туралы М. Көпеевтің шөбересі ф.ғ.д., профессор Н.Қ.Көпеев әңгімелеп, танымал тұлғаның ғылыми еңбектеріне деген қызығушылық жыл санап артып келетінін жеткізді. М. Көпеевтің еңбектері лингвистика, историографика, әдебиет, философия және өзге бағыттар бойынша зерттеу нысанына айналуда.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев кейінгі ұрпаққа қазақ халқының ауызекі шығармашылығын сақтауға сүбелі үлес қосқан құнды мұра қалдырды. Оның араб және латын графикасында жазылған қолжазбалары Қазақстанның ғылыми қорларында ғана емес, өзге елдерде сақтаулы. 

Шара барысында ф.ғ.к., А.О.Кәріпжанова «Дискурс «наука» в произведениях М.Ж. Копеева» тақырыбын арқау еткен таныстырылым әзірледі.  Студенттердің орындауындағы Құрманғазы күйлері мен М. Көпеевтің өлеңдері әдеби кештің көрігін қыздырды. Сонымен қатар, кітаптар көрмесі ұйымадстырылды. 

Атап өтерлігі, 2004 жылдан бастап С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Мәшһүртану» ғылыми-тәжірибелік орталығы жұмыс істейді. М. Көпеевтің шығармашылығы мен қоғамдық жұмысына арналған шығармалар жинағы басылып шығарылуда. Университет ғалымдары М. Көпеевтің мұрасын зерттеу бойынша археографиялық жұмыстарды жалғастырып келеді.