С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханада С. Торайғыров атындағы ПМУ құқықтану кафедрасының профессоры, қ.ғ.к., Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент-мүшесі Серік Бастемиевтің «Туажат» кітабының салтанатты тұсааукесері өтті.

Серік Бастемиев – үш монография, екі оқу құралы мен қылмыстық заңнама мәселелері, мемлекет және құқық тарихы тақырыптарына арналған 40-тан астам ғылыми мақаланың авторы. 

Бұл монографияда Таяу Шығыс мемлекеттерінің қалыптасу, даму және құлдырау үрдістері, сонымен қатар, Орта Азия, Иран және Түркия басқарушылары әулеттерінің «Жеті ата» тұрғысындағы тарихы туралы баяндалады. 

С. Бастемиевтің айтуынша, хандықтар мен қағанаттар кездейсоқ пайда болған. Олар 200-400 жыл ғұмыр кешіп, кейін жер бетінен жоғалып кеткен. Осы құбылысты ғылыми тұрғыдан түсіндіру үшін «Сегізінші ұрпақ синдромы» монографиясында автор гипотезасын ұсынған. Кейін бұл гипотеза расталды.  

Синдромның мағынасын түсіндіріп өтсек, әулеттің жетінші ұрпағы өмір сүрген кезде тақ үшін «барлығы барлығына қарсы» принципі бойынша соғыс басталады. Салдарынан мемлекет құлдырайды. Ал сегізінші ұрпақ бірнеше мемлекет құрады немесе әулет құрып кетеді. Олардың орнына басқа әулет пайда болып, басқа тарих беттері жазылады.

Кітап гуманитарлық ғылымдар бойынша зерттеу жүргізіп жатқан студенттер, магистранттар мен докторанттарға арналған. Сонымен қатар, араб әлемі, түрік әулеттері мен басқарушылары, Таяу Шығыс және Орта Азия елдері, оның ішінде Қазақстанның мемлекеттік құрылу дәстүрлерін зерттейтен қауымның қызығушылығына ие.