С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Ұлы Дала руханияты және ұлттық тіл» атты қазақ тілі апталығы басталды.

Шараны өткізудегі мақсат – қазақ тілінің мәдени мұрасын зерттеу және жастарды өткенімізді құрметтеуге тәрбиелеу. 

Апталықты ұйымдастыруға қазақ тілі және журналистика кафедрасы мұрындық болды. 

Жиналған қауым алдында ЖОО-ның даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Арман Ақышев пен қазақ тілі және журналистика кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к, профессор Айман Зейнулина сөз алды. 

Жиналған қауым қазақ ұлттық ойындары мен қазақ халқының салт-дәстүрлерін паш ететін сахналық қойылымдарға белсенді қатысты. Қонақтар үшін ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, кітап көрмесі мен бірегей зергерлік бұйымдар және қолданбалы өнер туындыларының таныстырылымы ұйымдастырылды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, апталық бірнеше бағыттан тұрады. Мәселен, 24 сәуірде зияткерлік ойындар, сондай-ақ, агротехнологиялық және металлургия, машина жасау және көлік факлуьтеттерінің студенттері мен оқытушылары арасында «Тіл шебері» жарысы өтеді. 

Сонымен қатар, шаралар аясында 25 сәуірде қазақ тілінде латын әліпбиінде диктант және қазақ тілінен өзге ұлт және қазақ ұлтының өкілдері арасында олимпиада өтеді. 

Аталық мерекелік концерт, поэзия party және ұлттық киімдер шеруімен тәмамдалады.