С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында орыс тілі және әдебиеті бойынша пәндік олимпиада өтті.

Болашақ тіл мамандарын С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры Петр Быков қарсы алды. 

Орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к, доцент Гүлвира Шаикованың айтуынша, жоғары оқу орнындағы олимпиадалық қозғалыс - бұрыннан қалыптасқан игі дәстүр. Пәндік олимпиадаларға қатысу студенттердің білім деңгейін анықтауға, оларды белгілі бір пәндер бойынша дайындауға мүмкіндік береді. 

«Біздің студенттер жыл сайын олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Биыл филологтар арасындағы зияткерлік жарыс ПМУ базасында үшінші рет өтті. Екі күн ішінде қатысушылар орыс тілі мен әдебиеті бойынша тапсырмаларды кезең-кезеңмен орындап, шығармашылық байқауда командаларын таныстырды», - дейді Г.Шаикова. 

Олимпиада қорытындысы бойынша М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандағы филиалының командасы үздік нәтиже көрсетті. Жастар жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің намысын қорғаған студенттер күміс жүлдегер атанды. 

Үшінші орынды М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Ш. Уәлиханов атындағы  Көкшетау мемлекеттік университетінің болашақ тіл мамандары өзара бөлісті.