С.Торайғыров атындағы ПМУ-да павлодарлық ақын, жазушы өлкетанушы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Дмитрий Петрович Примакты (1903-2002) еске алуға арналған кеш өтті.

Іс-шараны С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың «Шабыт» жанкүйерлер клубы мен көркем әдебиет секторы ұйымдастырды.

Орыс филологиясы кафедрасы студенттерінің сөзінше, Дмитрий Петрович жастық шағынан журналист болуды армандаған және өзінің бұл мақсатына жетуге сенімді болды. 

Дмитрий Примак белгілі қазақ, өзбек және украин ақындарының өлеңдерін аударумен айналысты. Атап айтқанда, ол М.Өтемісов, М.Әлімбаев, Д. Әбілевтің және басқа да авторлардың шығармаларын орысша сөйлетті.

Оның шығармалары «Иртышские напевы», «Вечная песня - любовь», «Моя душа» жинақтарына енді. Сонымен қатар, «Букет для всех». «Скалы и легенды Баянаула», «Баянаул заповедный» кітаптары жарық көрді.

Дмитрий Петровичтің негізгі айналысқан істерінің бірі – өлкетану саласы. Өңір тарихына ерекше көңіл бөліп, Азаматтық соғыс тарихын және Ертіс өңіріндегі ұжымдастыру кезеңін зерттеп, оның тарихи-өлкетану мұражайында сақталуына қолғабыс жасады. Сонымен қоса, қазақ халқының күнделікті өмірінде болған, қазіргі күні сирек кездесетін заттарын жинады.

Клубтың қатысушылары Дмитрий Петрович өзінің туған жерін, туған өлкесін шексіз сүйгенін және оған бар өмірін арнағанын атап өтті.