C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің агротехнологиялық факультеті дәмі тіл үйіретін тағамдар көрсетті. Шеберлік-сыныбына студенттер және Павлодар балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысып, торттар, құймақтар әзірлеуді үйренді. Сондай-ақ, болашақ технологтар балаларға азық-түлік технологиялары бойынша көкөністерді кесуді, пешке пісіруді және қамыр илеуді көрсетті. Қыздар жағы қырыққабат, картоп және сәбіз қосылған бәліштер жасады.

Мұнда әсіресе құймақтарды пісіру жақсы ұнады, себебі олар өздерінің фантазиясын жақсы көрсете білді. Балалар арасында аспазшылықты оқып, болашақ өмірлерін аспаздық өнермен байланыстырғысы келетіндер де табылды. 

Барлық технологиялық процесс биотехнология кафедрасының аға оқытушысы Батима Муслимованың жетекшілігінде өтті. 

«Әрбір бала дәмді ұн өнімдерін жақсы көреді. Сондықтан, балаларға қолдан жасаған тағамдарды беруді жөн санадық» - деп атап өтті агротехнологиялық факультетінің тәрбие жұмысы жөніндегі деканның орынбасары, доцент Жастілек Уахитов.

Ерекше шеберлік сыныбы достық шәйін ішумен аяқталды. Барлық балалар қолмен пісірілген кондитерлік өнімдерден дәм татып, ерекше көңіл-күймен тарқасты.