С.Торайғыров атындағы ПМУ-де мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған құрылғылар жасалған 72 сағаттық марафон өз мәресіне жетті.
Мейкатонның мақсаты – қарапайым жолмен жасалатын, бағасы қолжетімді болатын, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет ететін әрі жаппай өндіріске де жарайтын прототип құрылығыны жасау. Прототиптерді әзірлеу кезінде өнертапқыштарға мүмкіндігі шектеулі адамдар, реабилитология мамандары, психологтар, өнертабыстарды саудаға шығаратын мамандар, әлеуметтік кәсіпкерлер көмектесті. Дайын өнімдер мүмкіндігі шектеулі адамдарға сыйлық ретінде берілді.
TOM: Tikkun Olam Makers – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күнделікті тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандар (need-knowers – нид-ноуерлер) мен шеберледі (makers – мейкерлер) біріктіретін жаһандық қозғалыс.
Жобаның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасындағы Тель-Авив университеті достарының қауымдастығы мен С. Торайғыров атындағы ПМУ. Жоба ТАУ достары қауымдастығының президенті Александр Машкевичтің қолдауымен жүзеге асты.
«Барлық идеялар мен бастамалардың іс жүзінде қолданылатынына сенімдімін, ал ұсынылған жобалар тағдыры күрделі адамдардың толыққанды өмір сүруіне өз үлесін қосады деп ойлаймын», – деді С.Торайғыров атындағы ПМУ ректорының м.а. Нұрлан Ержанов.
ҚР ТАУ Достары қауымдастығының Вице-президенті Сәния Арапова: «Бүгін сіздер жай ғана прототип әзірлеп отырған жоқсыздар. Сіздер ерекше жандардың өмірін жақсартуға атсалысып, көпке үлгі болып, қоғамдық сананы өзгертіп жатырсыздар. Сіз өздеріңізді қиындық пен кедергіге ұшыраған адамдардың өмірін жақсартудасыздар».
TOM: Tikkun Olam Makers директоры Дэниел Вайль жобаның географиялық ауқымын атап өтті. «TOM Қазақстан осыған дейін Израильде, АҚШ-та, Канадада, Бразилияда, Аргентинада, Вьетнамда, Австралияда, Болгарияда және Португалияда өткен бүкіләлемдік ТОМ қауымдастықтарының қатарына кірді. Белсенді жергілікті қоғам мүмкіндігі шектеулі адамдар мен инженерлерді түйткілді мәселелерді шешу жолында біріктіріп отыр. Қозғалысымыздың өсуі барысында біз бүкіл әлем бойынша көптеген адамға көмектесе аламыз», – деді сарапшы.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың 20 мамырында С. Торайғыров атындағы ПМУ-інде PreТОМ шарасы өтті: мейкерлер нид-ноуерлермен танысты. Бұл кезеңде мәселелер қарастырылып, идеялар мен жобалардың алғашқы сызбалары жасалды.
Нәтижесінде функционалдық қозғалыс белсенділігі бұзылған жандардың өз бетімен жүруіне мүмкіндік беретін экзоқаңқа жасау жобасы жеңіске жетті.
Шопар буындары деңгейіндегі табанның ішінара ампутациясы кезіндегі салынбалы аяқ киімін жасаған КИНЕУ командасына екінші орын бұйырды.
Ал үшінші орынды екі топ өзара бөлісті. С. Торайғыров атындағы ПМУ тобы қимыл-тірек қозғалыстары шектеулі адамдар үшін еден жуатын құрылғы (швабра) жасап шығарды. «Неудержимые» командасы тік лифтті шкаф жасақтады: тұрмыстық жиһазды өндірістік сақтау жүйелерімен байланыстырды. Осылайша, қолдары жете бермейтін жоғарыдағы кеңістікті тиімді қолдану мүмкіндігі артты.
«Гефест» тобының өкілдері Павлодар мемлекеттік университетінің арнайы сыйлығына ие болды. Қатысушылар оң жіліншегінің ампутацияланған тұқылы бар адам үшін аяқ протезінің дизайн жобасын қарастырды. Протез адамның мүмкіндіктеріне ыңғайлап жасалды. Сондай-ақ, олар арнайы құйындыны қолдану арқылы протездің салмағын жеңілдетіп, оның төзімділігін сақтауға мүмкіндік жасады.
Бұдан өзге, мейкерлер автоматты тамақтандыратын құрал, арнайы пернетақта жасап шығарды. Нид-ноуерлер өнертапқыштарға тәжірибелік кеңестерінен де аянып қалмады.
2017 жылдың 26 шілдесінде Астанада PostTOM өтеді, яғни жобаның қорытындысы шығарылады.
Мәліметтерге сүйенсек, мейкатондар 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде аталған шараларға 1472 мейкер қатысып, 152 өнертабыс дүниеге келді.
Ресми статистика бойынша, Қазақстанда 600 мыңнан астам мүгедек бар. Бұл сандарға таң қалуымыз мүмкін, себебі біз оларды көшеден өте сирек көреміз. Мүмкіндігі шектеулі жандар үйден шықпайды, өйткені, олар өз бетімен аяқ киімнің бауын байлау немесе тамақ ішу секілді қарапайым дүниелерді жасай алмайды. Сондықтан, мейкатон ТОМ: Kazakhstan сияқты шаралар еліміз үшін үлкен әлеуметтік мәнге ие.