С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға арналған «Туған жер – менің тарихым, менің мәдениетім, менің туған өлкем» өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында белгіленген «Туған жер» бағдарламасы білім беру және экология салаларында көлемді жұмыстар атқаруға, елді мекендерді абаттандыруға, мәдени және тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруге бағытталған. Бұған мысал ретінде Павлодар география үйі және Марғұлан орталығының топтамасындағы экспонаттардың өлкелік көрмесін атап өтуге болады. 

Павлодар облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Болат Бақауов өз баяндамасында облыста ағартушылық және өлкелік жұмыс жақсы дамығанын айтып, туған өңірлерін көркейткісі келген кәсіпкерлермен ынтымақтастық жолға қойылғанын да сөзге тиек етті. 

Конференцияның пленарлық отырысында белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, жастар ұйымдарның, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары өңір туризмін дамыту мәселелеріне қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Пленарлық отырыста керуеншілік және автотуризм, өңірдің туристік ойын-сауықтық жағдайын дамытудағы жаңа медианың рөлі, волонтерлік қызметтің дамуы сынды мәселелер қозғалды. 

Конференцияның секциялық отырыстарында қатысушылар «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде оқу жобаларды, өңірлік географияны, тарихты және фольклорды игеру тетіктерін талқылады.