Кезекті мәрте С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің студенттері республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды.
«Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша IХ Республикалық пәндік студенттік олимпиадада Қайролла Жакупов бағдарламалау тілінде бағдарлама жазудан және теориялық тапсырмалардан үздік болып, жеке есепте бірінші орынды иеленді.
Болашақ әлеуметтік қызметкерлер Жанна Балташева, Елена Вайгандт және Әнел Қабдрашевадан құралған топ республикалық сайыста екінші орынға лайық деп танылды. Қатысушылар «Ана бақыты» – «Ана болуға дайындық мектебі» атты бейімдеу бөлмесін құру бойынша әлеуметтік жоба ұсынды. «Бұл жеңісімізге жетекшілеріміз Самал Қанатқызы Антикеева мен Гүлнар Мұратқызы Кажикенованың қосқан үлесі зор. Біз олимпиадаға қатысып, көп кәсіби тәжірибе жинадық. Ал, біздің жобаның әлеуметтік маңызы өте жоғары», – деп бөлісті ойымен команда капитаны Жанна.
Көктемгі олимпиада маусымында энергетикалық факультеттің студенттері де ПМУ-нің қоржынын өз жүлделерімен толықтырды. Асхат Бергузиновтің жетекшілігімен «Жылуэнергетика» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер – Әлия Баяндинова мен Нұрсұлтан Әмірғали Алматыда өткен пәндік олимпиаданың күміс жүлдесін еншіледі. Және де, Нұрсұлтанға жеке есепте қола жүлде бұйырды.
Зарина Кусаева, Василий Ткачук, Қуаныш Баяхметтен топтасқан «Электр энергетикасы» кафедрасының студенттері жетекшісі Айгүл Ашимовамен бірге жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болды.
Ал, ПМУ-нің жас металлургтері Перизат Нагметова, Динара Яхшибаева, Ұлжан Айтмұхамбетова, Алексей Артамонов, Виктор Кондратюк республикалық пәндік сайыста екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, Алексей Артамонов жеке есепте үшінші орынды місе тұтты.
Тағы бір республикалық деңгейдегі қола жүлдені металлургия, машинажасау және көлік факультетінде «Көлік техникасы және логистика» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер: Азамат Нұрұмжанов, Мақсат Махмет, Андрей Медведев, Валерий Есаулков алып келді.
«Кәсіптік оқыту» мамандығын игеріп жүрген студенттер: Әлия Абдрашева, Әсет Рахметов, Әсемгүл Ашу, Айдын Сәрсенбай М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен республикалық олимпиадада үшінші орынды иеленіп, өз кәсіптерінің шебері екендіктерін айғақтады.
«Сценография» мамандығы бойынша республикалық додада ПМУ-нің студенті Зарина Сыдықова жеке есепте үшінші орын иесі атанды. Бұдан өзге, мемлекеттік басқару, бизнес және құқық факультетінің студенті Кристина Тунгусова «Құқықтану» мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиаданың «ТОП 10» аталымында жеңімпаз атанды.