С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің студенттері бірден алты мамандық бойынша халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалардан жүлделермен оралды.
Экология және қоршаған орта бойынша ІІ халықаралық пәндік олимпиадада биология және экология кафедрасының студенттері Мирас Жұмаділов, Алмас Сәкенов, Аягоз Шайзадиновадан құралған топ үздік көрсеткіштер көрсетті. Биология және экология кафедрасының меңгерушісі, б.ғ.д., профессор Шолпан Жұмадинаның жетекшілігімен қатысқан топ бірінші орынды еншіледі.
«Нархоз» университетінде өткен экономикалық мамандықтар бойынша республикалық олимпиадада Ленура Махатова, Сәбина Саденова және Темерис Османовадан құралған топ, көптен озық болып, күміс жүлдегер атанды.
Топтың жетекшісі, э.ғ.к., профессор Алексей Титковтың айтуынша, студенттердің айтулы олимпиададағы жеңістері, олардың кафедрадағы даярлығы мен жоғары кәсіби білігі еліміздің алдыңғы қатарлы ұлттық униаерситеттеріндегі білім сапасынан озық болғанының куәсі болады.
«Студенттер республикалық олимпиадаларға жыл сайын қатысу арқылы, индустриалды-инновациялық даму жағдайында теориядан басым тәжірибелік іскерлік қабілеттерге ие болады», – дейді Алексей Анатольевич.
Сондай-ақ, республикалық білім сайыстарынан С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің басқа да топтары жүлделі оралды.
Х.ғ.к., профессор Күлшат Жапарғазинованың жетекшілігімен Әділет Рамазанов, Нұргүл Ермекова, Әл-Фараби Көпжасар командалық есепте екінші орынға ие болды. Және де, Әл-Фараби Көпжасарға жеке есепте де екінші орын бұйырды.
Химия және химиялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі, х.ғ.к., қауымд. профессор Мәдениет Елубайдың басшылығымен Евгения Павлюк, Батырбек Нұрмәди, Владислав Гейнц, Әлішер Темірғалиев шикі мұнайдың тұзсыздық деңгейіне шайынды судың сапасына әсері туралы ғылыми жобасының тұсауын кесіп, қола жүлдегер атанды.
Ал, Евгения Павлюк жеке есепте білім бәйгесінің екінші орнына қол жеткізді.
Қазақ филологиясы мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер – Қасымхан Мұхитов, Үміт Әмринова и Ахмет Ахмади және топ жетекшісі, кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Нартай Жүсіп олимпиаданың қола жүлдегерлері атанды.
«Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығы бойынша IХ республикалық пәндік олимпиадада Малика Ақылбекова жеке есепте үшінші орынды еншіледі.