С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде академик Қатыршат Шүлембаевтың 80 жылдығына арналған «Дін және қазіргі замандағы жаһандық үрдістер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Филос.ғ.д., профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Қатыршат Шүлембаевтың Қазақстанның ғылым мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі зор. Оның жетекшілігімен халықаралық дәрежеде белгілі, Орталық Азия аймағында теңдесі жоқ Қазақстан философия мектебі қанатын жайды. Қатыршат Шүлембаев Қазақстандағы Әлеуметтік ғылымдар академиясының негізін салушы әрі вице-президенті болды. Оның қаламынан 150-ден астам ғылыми еңбектер жарық көрді, үш докторды, 20-дан аса ғылым кандидаттарды дайындады.
Филос.ғ.д., профессор Мұрат Сәбиттің айтуынша, Қ. Шүлембаев белсенді қоғам қайраткері, өте парасатты, ісімен де, сөзімен де өнегелі, қайырымды азамат болған.
«Жер-жаһанда, Қазақстанда діни мәселелер өршіп тұрған бүгінгі күндері Қатыршат Шапағатұлы секілді білікті дінтанушының жетіспейтіні анық», – деді Мұрат Сәбитұлы.
Философия, саясаттану және дінтану университетінің «Исламтану» секторының меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер, филос.ғ.д., алматылық профессор Наталья Сейтахметованың ескеруінше, бүгінде діни фактордың кең өріс алуынан қоғамда рухани сауаттылық мәселелер айқындалуда.
«Мемлекет басшысы Н. Назарбаев барлық бағдарламалық құжаттарда ұлттық және рухани қауіпсіздікті сақтау – қоғамның басты міндеті екенін айтады. Елбасы 1998 жылы трансұлттық сипаттағы лаңкестік адамзат үшін басты қауіп тудыратынын болжаған еді. Бүгінгі конференцияда исламдық бірегейлік, Қазақстандағы исламның мәні мен рөлі сынды күрделі мәселелер талқыланды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында біз дінаралық диалогтың тоғысуы жағдайында өз тұжырымдамамызға қол жеткіздік», – деп ойымен бөлісті Наталья Львовна.
Мұнымен қоса, ғылыми кездесуде Болгарияның Климент Охридский атындағы София университеті саясаттану кафедрасының профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация орталығы Кеңесінің сыртқы сарапшысы Татьяна Дронзинамен тікелей байланыс орнатты.
Ғылыми конференцияның мақалалар жинағында Швеция және Польша ғалымдарының материалдары жарық көрді.