С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ұжымы мен студенттер қауымы Ұлыстың ұлы күні – Наурызды тойлады.

Наурызды тойлауға жиналған жұрт Қыдыр атаның батасын алып, ұлық мерекені тойлап кетті.

Қонақтарды студенттік филармонияның әртістері күтіп алды. Ұлттық өнерпаздардың, әншілер мен бишілердің өнерлері тойдың сәнін келтірді. Бұл күні мерекелік дастархан, ұлттық ойындар, ән мен би, наурыз бата мен тілектер молынан болды. 

Халық тойда сейіл құрды. Ер адамдар гір тасын көтеріп, арқан тартып, күш сынасты.

Мерекелік алаңда құрылған алтыбақан аясында жастар наурыз-думан өткізіп, ән шырқады.

Тойшыл қауым ұлттық тағамнан дәм татты. Бұл күні көпшілікке қуырдақ, палау, бауырсақ  таратылды. Сондай-ақ, халыққа наурыздың басты асы – наурыз көже де ұсынылды. Мереке үшін шамамен екі жүз литр наурыз көже дайындалды. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің ректоры Арын Өрсариев жүрекжарды құттықтауын арнады: 

«Наурыз – көктем мерекесі, күн мен түннің теңескен күні. Ежелден бері халық наурызда аста-төк дастархан жайып, молшылықта атап өту келер жылдың берекелі де құтты болатынына ықпал етеді деп сенеді. Біз жыл сайын дәстүрден жаңылыспай бір шаңырақтың астында жиналып, ағайын-туыстарымызды құттықтап, жақындарымызға ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз».

Мұнымен қоса, университеттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы, техн.ғ.к. Жанахутдинов Бари Ғазизұлы барша жұртты Наурыз мерекесімен құттықтады.