С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, композитор Назымбек Дүкембай және ф.ғ.к., профессор Серік Елікбай ел Егемендігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен қалыптасуына арналған Республикалық ғылыми шығармалар байқауының жеңімпаздары атанды.

Үздік кітаптар, монографиялар мен мақалалар байқауы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары ассоциациясының ұйымдастыруымен өтті. 

Байқау жұмыстарына академиктер мен жоғары оқу орындарының ректорлары қазылық етті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің профессорлары «Үздік кітап» аталымында бірінші орынды иеленді. Авторлар сынға «Қазақ хандығы тарихынан  музыкалық поэзиялық топтама» атты жұмысын ұсынды. Жинақ үшін  олар  батырлар, хандар мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа арналған он екі ән жазған.

Жинақ әндерінің авторы, композитор, С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры Назымбек Дүкембайдың айтуынша, рухани-адамгершілік құндылықтарды ұрпақ бойына ерте жастан сіңіру қажет. 

«Біз қашанда жетісітіктер туралы айтамыз, дегенмен, адамдық қасиеттерді де насихаттауымыз қажет-ақ. Балалардың бойына құндылықтарды музыка, поэзия және өнер арқылы дарытуға болады. Тәрбие отбасыдан, бала кезден басталатыны бәріне аян. Осыған байланысты, бір айдан кейін ақын Б. Әлімжановпен бірлесіп жазған музыкалық қазақ әліппесінің тұсауын кесуді жоспарлап отырмыз. Кітап 4 бөлімнен тұрады: екі дауыссыз және екі дауысты дыбыстарға арналады. Дауыстың жұмсақтығына қарай музыка минорлы және мажорлы лад бойынша жазылды. Бұл жұмыс «Әліппемен қоштасу» музыкалық балалар қойылымында сахналанатын болады. Музыкалық әліппе өскелең ұрпақ үшін қызықты да көңілді әсер береді деген ойдамыз», – деді Назымбек Сәбитұлы.