С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Өскемен қаласында өткен жеңіл атлетика бойынша бірқатар сайыстардан жүлделі келді.
Жүлдегерлердің бірі бірінші курс студенті, еліміздегі чемпионаттар мен жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері, жеңіл атлетика бойынша спорт шебері Денис Косолапов. Спортшы Шығыс Қазақстан облысында өткен Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесі сарапқа түскен халықаралық сайыстарда екінші орынға ие болды, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының жастар арасындағы Чемпионатында үшінші орынды еншілеген болатын. Денис 60 метрлік кедергілі жүгіруде жақсы көрсеткіш көрсетті.
Бұдан өзге, Павлодар мемлекеттік университетінің магистранты, Азия чемпионы, жеңіл атлетикадан көп дүркін жүлдегер, халықаралық деңгейдегі спорт шебері Игорь Кондратьев Ольга Рыпакованың жүлдесі бәске түскен халықаралық жарыста аралас эстафетада жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, спортшы 400 метрлік қашықтықта жүгіруде үшінші орынды еншіледі.
Қазақстан Республикасының Чемпионатында С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің тағы бір студенті, жеңіл атлетикадан көп дүркін жүлдегер, Қазақстан және Орталық Азия чемпионтаттарының жеңімпазы, спорт шеберлігіне кандидат Виктор Рябов кіл мықтылардан озық болды. Ол 200 және 400 метрлік қашықтықта жүгіруде екінші орынды қанжығасына байлады.
«Мен жүгіруге қашанда қызығушылық танытушы едім. Тіпті, бала кезімде аулада жүгіруден сайыстар өткізіп тұратынмын. Ал қазір күнделікті жаттығулардың арқасында мен жоғары деңгейдегі сайсытар мен чемпионаттарда бағымды сынап тұрамын. Спорт мен үшін хобби болғанымен, ол өмірімнің ең маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді. Әрине, тынымсыз жаттығулар адамды шаршатады, дегенмен, жоғары нәтижелер мен табыстар мені жаңа жеңістерге жетуге жетелейді», – дейді Виктор Рябов.