С. Торайғыров атындағы ПМУ орындаушылық өнер кафедрасының өкілдері «Музыкалық маусым: қыс – 2017» ІІ Республикалық арт-олимпиададан қанжығаларына бірден сегіз жүлдені байлап қайтты.

Олимпиада нәтижесі бойынша орындаушылық өнер кафедрасының оқытушылары мен студенттері І дәрежелі бес диплом, ІІ дәрежелі бір диплом, ІІІ дәрежелі екі дипломға ие болды. 

Орындаушылық өнер кафедрасының студенттері Мүфтән Ұғыбайдолла, Қалиолла Манас пен «Foundation» факультетінің білім алушысы Ноа Салакодан құрылған «Assorti» триосы қазақтың домбырасы мен африкалық джембе дағырасының әуенін бір арнаға тоғыстырды.  Өнер ұжымының орындаған «Түркімен күйі» өнерсүйер көрерменге тамаша көңіл күй сыйлап қана қоймай,  оларды жеңіске жетеледі.

Құрманғазының «Адай» күйін өте шебер орындаған орындаушылық өнер кафедрасының меңгерушісі Данияр Мерғалиев пен студенттер Мүфтән Ұғыбайдолла, Алмат Орынбаевтардың триосы халық аспаптар аталымында І дәрежелі лауреат атанды. 

«Фортепиано» аталымының «Арт-шебер» деңгейінде орындаушылық өнер кафедрасының оқытушысы Жанел Абдалимова І дәрежелі дипломмен марапатталса, дәл осы аталымның «Вокруг света» деңгейінде 4 курс студенті Павел Граф І дәрежелі лауреат атағына лайықты деп танылды.

Сондай-ақ, вокал аталымында Асқар Дүйсекеев бірінші орынды және Ажар Нұркенова екінші орынды иеленді. С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің жас музыкантшылары Мүсілім Магомаев пен Маржан Арапбаеваның репертуарындағы әндерді орындап, тыңдарманның көңілінен шықты. 

Сонымен қатар, Кристина Денисюк екі бірдей аталым бойынша яғни, «Вокал» және «Фортепиано» аталымдарында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 

«Мұндай жоғары дәрежедегі мамандардың бағасы мен пікірлері еліміздегі жас вокалшылар мен музыкантшылар үшін өте маңызды. Өйткені, бұл кәсіби сындар оларды орындаушы, кәсіпқой маман ретінде қалыптасуына жол салады», – деді кафедра меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Д. Мерғалиев. 

Өнерсүйер қауым ПМУ студенттері мен оқытушыларының өнерлеріне тәнті болып, қошеметке бөледі. Әділқазылар алқасының мүшелері біздің қатысушылардың орындаушылық өнерін жоғары бағалады.