С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің делегациясы Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға екі күндік сапармен барды.

Сапардың мақсаты – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің жұмыс барысының басты бағыттарымен танысу. 

ПМУ өкілдері ШҚМТУ-нің ғылым және оқу зертханаларының жұмысына қанық болды. Сонымен бірге, олар «Үлкен Алтай» мұражайы, өндірістік алаңдар, сертификациялық зерттеу орталықтарымен, «Алтай» технопаркімен, сондай-ақ, университеттің ғылыми және зерттеу жобаларымен танысты. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, с.ғ.д., профессор Арын Өрсариев өз сөзінде болашақ студенттердің Ресей, Алматы және Астанаға қарай оқу іздеп кету жағдайында өңірлік жоғары оқу орны ретінде бәскеге қабілетті болуы үшін бірлескен механизмдердің жолын табу қажеттігін атап өтті. 

Дөңгелек үстел барысында алдағы уақыттағы серіктестіктің басымдылықтары айқындалды. Жоғары оқу орындар арасындағы келісім негізінде ПМУ-нің «Жылуэнергетика» мен «Металлургия» және ШҚМТУ-нің «Энергетикалық және техникалық физика» әрі «Химия, металлургия және байыту» кафедралары арасында өзара серіктестік келісімдерге қол қойылды. Құжатқа сәйкес ғылыми зерттеулер, қос ЖОО профессорларының дәріс оқуы, оқытушылардың тағлымдамалары, кафедраларды оқу құралдарымен, әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету, магистратранттар мен  PhD докторанттарды тарту бағыты бойынша ынтымақтастық жұмыстарын жүзеге асыру көзделуде.  

Еске сала кетейік, өткен жылдың қазан айында ШҚМТУ ғалымдары университет басшылығымен Павлодар мемлекеттік университетіне келген болатын. Ол кезде ШҚМТУ делегациясы археологиялық музейге, университеттің зертханаларына және де жақында ғана ашылған ПМУ-нің стартап-академиясына барған еді.