XXVIII Бүкіләлемдік Алматы - 2017 қысқы Универсиаданың аймақтық эстафетасының Алауын жағу салтанаты С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде бастау алды.

Салтанатты шараны С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, саяси ғылымдарының докторы Арын Өрсариев құттықтау сөзімен ашты. «Жиырма сегізінші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының елімізде өтуі – мемлекетіміз үшін үлкен абырой. Павлодар облысының 12 спортшылары айтулы сайыста 12 қысқы спорт түрінен бақтарын сынайтын болады. Ал, өз тарапымыздан, аймағымыздың, еліміздің споршыларына жеңіс тілейміз», – деді Арын Амангелдіұлы.

 Салтанатты рәсімнің шымылдығын Б. Жұманиязовтың «Серпер» күйінің сүймелдеуімен театрландырылған хореографиялық қойылым ашты. Музыкалық қойылым барысында алаңға арғымаққа мінген, қолына бүркіт қондырған саятшы, соңынан құмайы тазысын ерткен құсбегілер шықты. 

ПМУ студенті Бәкіжан Кәкім халық ағартушысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бейнесінде жастарға арнауын паш етті. Ол Қазақстанның көпұлтты халықтар достығының белгісі ретінде үш нәсілді студенттерге алауды табыстады. Студенттер бүкіләлемдік жарыстың жалынды қазандығын достық пейілде тұтатты.  

Өз кезегінде, Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев Павлодар қаласында тұтанған Универсиада отын Алматы қаласына жөнелту мақсатында сауытқа салды. Павлодар оты 2017 жылғы қысқы Универсиаданың бас Алауында еліміздің басқа да аймақтарынан жеткен жарыс жалындарымен қоса біріктіріліп, жалындай түспек. Ел арасын аралап, халықтың ілтипатына бөленген Алау оты ел спортшыларына жеңіс сыйлайтыны сөзсіз. 

Эстафета барысында 60 алаушылар Павлодар көшелерімен жүгіріп өтті. Универсиада алауын спортшылардан бөлек, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының белсенді оқу озаттары және Павлодар қаласы мен облыстың құрметті азаматтары алып жүрді. 

Эстафетаның ашылу салтанаты соңында жас ғалымдар, студенттер және республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпаз спортшылары көкке символикалық ақ көгершіндерді ұшырды. 

Жалпы, Универсиада Алауы Қазақстанның 22 500 шақырым жолын жүріп өтеді, оның 200 шақырымын алау ұстаушылар еңсереді.