С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы Павлодар облысының ұлттық тілде оқытатын мектептері мен орыс тілді мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері үшін «Қазақ тілі мен әдебиетін жаңа форматта оқытудың оқу-әдістемелік кешені» атты семинар өткізді.

Павлодар қаласының № 37 жалпы орта білім беру мектебінде облыстағы қазақ тілі сарапшыларының ұйытқы болуымен өткен семинарға Баянауыл ауданының, Майқайың кентінің, Бірлік ауылының орта білім беру мектептерінің мұғалімдері, әдіскерлері мен бастауыш сынып мұғалімдері қатысты. 

Семинарда қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың әдіс-амалдары талданды. Сондай-ақ, бастауыш сыныпта әдебиеттік оқу пәні, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа талаптары да талқыға салынды. 

Қазақ тілі кафедрасы облыс мұғалімдерімен осы сынды кездесулерді дәстүрлі өткізіп тұрады. Өйткені, семинарларда мектеп ұстаздары кәсіби тың әдістемлік жаңалықтарға қанық болады. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Павлодар мемлекеттік университеті орта мектеп пен университеттік білім арасындағы берік байланысты орнатып, фундаменталды ғылымның жаңа жетістіктерімен үздіксіз байланыс жүйесін қалыптастырған.