С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің фойесінде көпшілік назарына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ПМУ: кеше, бүгін» атты фотокөрмесі ұсынылды.

Шараға университеттің мұражай кешені өкілдері ұйытқы болды. 

Көрмеге Павлодар өңіріндегі білімнің қара шаңырағының құрылған күнінен бүгінге дейінгі айшықты оқиғаларын бейнелеген 200-ге жуық фото суреттер ілінді.  

Суреттер қатарында университеттің алғашқы түлектері, бірінші студенттік құрылыс жасақтары, атаулы дәрісханалардың ашылуы, ардагерлерге құрмет көрсету, спорттық және мәдени шаралар, университеттің айшықты оқиғалары бейнеленді.    

Бұдан өзге, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың университетке келген сапарларына арналған жеке көрме қойылды. 

Студенттер мен оқытушылар индустриалды институттан және бүгінгі күнге дейінгі жоғары оқу орнының фото шежіресіне қанықты. Алғашқы студенттер қатарындағы фотолардан қазіргі таңда ғылым жолында жүрген профессорларды, ғылым докторлары мен қоғам қайраткерлерін тануға болады.  

Ұйымдастырушылар көрменің көркемдік безендірілу тәсілі ретінде кір қыстырғышты қолдануды жөн көріпті. Бұл көрме өзіңе ұнаған суретті естелікке алуға болатынымен ерекшеленді.