С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Гендерлік зорлыққа қарсы 16 күндік» жыл сайынғы шарасының аясында тұрмыстық зорлық және кемістушілік мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

– Біздің кафедра осы мәселеде БҰҰ-ының бастамасын қолдайды. Бұл шараның басталуы мен аяқталуы 25 қараша – Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен күресудің халықаралық күніне, 10 желтоқсан – Халықаралық адам құқығы күніне дөп келді. Бұл күндер бекер таңдалып алынған жоқ. Өйткені, гендерлік зорлық-зомбылық бұл – адам құқығының бұзылуы, – дейді психология және педагогика кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Елена Бурдина. 

Дөңгелек үстел жұмысына балалы әйелдердің әлеуметтік психологиялық бейімделу және оңалту орталығының әлеуметтік және құқық қызметтері бойынша мамандары Наргиз Сағинова мен Нұрмағамбет Жұмаділов қатысты. Сонымен қатар, шараны Павлодар қаласы бойынша әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Айгүл Сәрсенбаева және Тұрғылықты тұрағы жоқ әйелдерді бейімдеу және Павлодар қалалық әлеуметтік-психологиялық сауықтыру орталығының өкілдері қолдады. 

Психология және педагогика кафедрасының аға оқытушысы Анария Шаймерденованың айтуынша, бұл басқосудың басты мақсаты – студенттердің назарын қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесіне аудару және қоғамда зорлыққа төзімсіздік көзқарасты қалыптастыру.