Жақында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ядролық химия және технология институтының бас директоры, техн.ғ.д, ж.ғ.д., Варшава технологиялық университетінің профессоры Анджей Г. Хмелевский атомдық энергияның қоршаған ортаны қорғаудағы рөліне арқау болған дәрісін оқыды.

Анджей Хмелевский МАГАТЭ-де қызмет атқарған, БҰҰ сарапшысы ретінде әлемнің отыздан аса мемлекеттеріне сапарға шыққан. Ол – «Жылдың алтын инженері» атағының иегері, білім мен ғылым саласындағы еңбегі үшін француздың академиялық «Пальма бұтағы» орденінің кавалері атағын иеленген. Және де халықаралық иррадиация ассоциациясының «Өмірдің ғылыми сыйлығының» лауреаты атанған.

Профессор Хмелевскидің айтуынша, үйге келетін электр энергиясының әрбір киловаты мен жылудың әр килокалориі қалпына келетін энергия көздерінен алынуы үшін мүмкін болатын барлық әдістерді қолданып «Жасыл технологияны» енгізу қажет. Профессор өз дәрісінде соңғы 10-12 жылдың статистикасын ұсынып, адамның іс әрекеті Жердің экожүйесіне ықпал ететініне баса назар аударды.

Дәріскер жер шарының кез келген тұрғыны жерде табиғатпен үйлесім тауып өмір кешуіне жағдай туғызу үшін белгілі мәселе бойынша белсенді ұстанымды, яғни, «ниеттерден» толыққанды нақты әрекеттерге ауысу қажет екеніне сенімді.

Профессор Хмелевскиге «С. Торайғыров атындағы ПМУ-інің құрметті профессоры» атағын табыс етті. Өз кезегінде профессор С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевке көрсетілген құрметі үшін алғысын жеткізіп, университеттің әрі қарай дамуына тілектестік білдірді.