С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Мисс Павлодар 2016» сұлулық байқауының финалы өтті.

Алғаш рет жоғары оқу орнының қабырғасында университеттің аруын таңдап қана қоймай, «Мисс Қазақстан» байқауында Павлодардың намысын қорғайтын сұлуды анықтады.

Мерекеге Павлодар мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер департаменті және жастар ісі жөніндегі комитеті ұйытқы болды.

Байқауға дайындық қатысушылардың өтініш білдірген кезінен, яғни қыркүйек айынан бастау алды. Қазан айының басында өткен кастингтің бірінші кезеңіне жүз елуге жуық сұлулар қатысты. Көптің ішінен іріктеліп алынған он екі қыз өңірдің хас сұлуы атану үшін бақтарын сынады. Қыздар іріктеудің барлық сынынан сүрінбей өтті – бірнеше апта бойғы дайындықтар, хореографиялық жаттығулар, сахналық өнерлері мен фотосессиялар.

Биылғы жылғы байқауға әртүрлі салалардың өкілдері төрелік етті: бизнес, Fashion-индустрия, БАҚ және басқа да сала өкілдері.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев қатысушыларға сәттілік тілеп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Жанкүйерлердің қолдауы сұлуларды шабыттандырып, жеңіске жетеледі. Ал, өз кезегінде «Мисс Павлодар 2016» байқауының қатысушылары бойларындағы дарыны мен өнерлерін, әсемдігі мен өнегесін паш етті.

Қатысушы қыздар кешкі сән үлгідегі киімдерін көпшілік талғамына ұсынып қана қоймай, ақыл-парасаты мен шығармашылық өнерлерімен де бөлісті.

«Райса» сән театрының директоры Райса Раймбекованың жетекшілігіндегі әділ қазылар алқасы өңірдің хас сұлуын таңдау үшін біраз тер төкті. Әр қатысушы Павлодар аруы атануына лайықты болды. Қазылар демеушілердің тіккен номинациялық аталымдарын да есепке алды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ мемлекеттік басқару, бизнес және құқық факультетінің студенті Салтанат Сағындықова екінші вице-мисс атанды.

Гуманитарлық-педагогикалық факультеттің студенті Асия Макажанова бірінші вице-мисс атағына лайықты деп танылды.

Ал, 2016 жылғы С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың аруы атағы физика-математика және информатикалық технологиялар факультетінің студенті Мария Дзюмакқа беріледі.

Сонымен, гуманитарлық-педагогикалық факультеттің түлегі Айзат Қожабаева «Мисс Павлодар 2016» тәжінің иегері атанды.