С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тақырыбын арқау еткен дөңгелек үстел аясында қалалық орта білім беру мекемелері өкілдерінің басын қосты.

С. Торайғыров атындағы ПМУ-інің даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Арман Ақышев өз сөзінде еліміздің білімі мен ғылымының дамуы мақсатында орта білім беру мекемелерімен жоғары оқу орны қашанда бірлесе еңбек етуге даяр екенін атап өтті. 

Дөңгелек үстел қатысушылары аталмыш бағдарлама шеңберіндегі бірлескен жұмыстарын талқыға салды. Сондай-ақ, басқосуда  оқушылар арасындағы кәсіптік бағдар беру және бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасау, пәндік олимпиадаларға дайындау, ғылыми конференцияларға қатысуы әрі ҰБТ-ға дайындау сынды мәселелер қозғалды. 

Бұдан өзге, қатысушылар кездесу барысында мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жаңалықтарға да қанық болды. Әсіресе, мұғалімдер ағылшын тілінде білімін жетілдіру мәселесіне баса назар аударды.

Дөңгелек үстел барысында Павлодар қаласының мектептері арасында өткен «Үздік мектеп басшысы» байқауы қорытындыланды. Айтулы марапатқа облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернаттың басшысы ие болды. Университет бас жүлдеге тіккен планшет  Армангүл  Сартайқызы Рахымжановаға бұйырды.    

«Foundation» факультетінің деканы, п.ғ.к. Сәуле Ксембаеваның айтуынша, әділқазылар байқау нәтижесін сараптау кезінде  С. Торайғыров атындағы ПМУ-іне және дайындық курстарында оқыған білім алушылар қатарындағы мектептердің түлектер санын ескерді. 

– Жеңімпаз университет қабырғасында өткен семинарлар мен конференцияларда жүлделі орындарға ие болған оқушылардың нәтижесіне қарай таңдалды. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми жұмыстар, мақалалар және ЖОО-да біліктілігін арттырған мұғалімдер саны да есепке алынды, – дейді Сәуле  Камалиденқызы.