Жуырда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары «Темпус» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асатын «Медис» жобасының орындалуын талқылады.

Жоба орындаушыларының кезекті кездесуі Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында өтті. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Нұрлыбек Испулов, «Математика және информатика» кафедрасының профессоры Гүлжан Жарасова жоба үйлестірушілері және орындаушылармен бірге автоматизациялау, технологиялық үрдістер мен математикалық моделдеу және суперкомпьютерлік технологиялары мәселелерін талқылауға қатысты.

Қатысушылар ғарыштық бақылаудың, робототехника және геоэнергетика бағытындағы мамандарды оқыту ісімен танысты. 

Сондай-ақ, ғалымдар «Алатау» технопаркінің зертханалары мен инфрақұрылымдарын аралап, технопарк жаңалықтарына қанық болды.  

Еске сала кетейік, 2013 жылғы қазанда өткен «Темпус» бағдарламасының алтыншы байқауында Еуропалық комиссияның шешімімен жобаны қаржыландыру мақсатында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 3 жобасы іріктеліп алынған болатын.