Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Панфиловшылар» іздестіру отряды құрылды.
«Панфиловшылар» іздестіру отрядының батыр қала – Мәскеуге бағытталған сапары Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді ерлікпен қорғаған қазақстандық Панфиловшылардың жасаған ерлігін ұлықтауды мұрат тұтады.
Салтанатты шараға Павлодар облыстық Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Гүлжайнат Алиева, «Майдан жолы» іздестіру отрядының негізін құрушы Жұмабек Камзин, Павлодар облысының мемлекеттік мұрағаты басшысы Халел Әкімханов, Павлодар облысы Ауғанстан ардагерлер одағының төрағасы Байғабыл Майкотов қатысты.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев студенттік «Панфиловшылар» отрядының сапарына ақ жол тілеп, батыр аталарымыз өмірлерін құрбан еткен ерлік жолдарында Қазақстанның көк Туын желбіретіп, ел абыройын асқақтатуларына ниеттес екенін жеткізді.
– Бүгінде кейбір тарихшылар даңқты Панфиловшылар дивизиясының ерліктеріне күмән келтіріп жүр. Әрине, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында осындай хабардың етек жаюы, өте өкінішті. С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері алдындағы бастамашы аға-әпкелерінің сүрлеуімен «Панфиловшылар» жастар отрядын құрып, «Біз панфиловшылар ұрпағымыз – біз миллионбыз» ұранын ту етіп, игі істі жалғастырмақ», – деді университет басшысы.
Отрядты тәжірибелі іздеуші, 1989 жылы алғаш құрылған экспедицияның мүшесі, отставкадағы майор Бақытжан Өтепов басқарады.
Отряд Дубосеково разъездінде өздерінің шатырларын тігіп, жергілікті Волоколамдық аттас «Панфиловшы» отрядына қосылады. Университет іздеушілерінің қазірдің өзінде келесі жылға Панфиловшылар дивизиясының Дубосековадан Берлинге дейінгі ерлік жолымен жүріп өту жоспарлары бар.
Шара соңында «Майдан жолы» іздестіру отрядының негізін құрушы Жұмабек Камзин С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевті іздестіру жұмысына сіңірген еңбектері үшін Құрмет белгісімен марапаттады.