С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ кәсіби кадрларды дайындау бойынша әлеуметтік серіктестік жөніндегі келісім жасады.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ жас мамандардың біліктілігі жаңа заманауи өндіріске сай келуі үшін арнайы әлеуметтік бағдарлама жасады. Бұл әлеуметтік жоба арқылы кәсіпорын болашақ мамандарды қолдау және компания қызметкерлерінің білім деңгейін жетілдіру мақсатын көздейді.
Бұл келісім негізінде студенттердің кәсіпорындағы тәжірибесін жүргізу, кәсіптік бағдарлау, оқудағы демалыс кездерінде уақытша жұмыспен қамту, оқу бағдарламаларын жетілдіру, жобалар байқауын ұйымдастыру, айтулы шәкіртақы тағайындау, емтихан комиссиясы мүшесіндегі қызметі мен полиграфиялық өнімдерді дайындау іске асырылатын болады.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директоры Олег Перфиловтың айтуынша, бұл бағдарлама болашақ энергетиктердің мамандығына деген қызығушылығын оятып, оқуға құлшынысын арттырады.
– Электр энергетика саласы үшін мамандар даярлап жатқан оқу мекемелерінің оқу бағдарламасына өзгертулер енгізу қажет. Біз кадрларды дайындау ісінде бір-бірімізге көмектесетін болсақ, университетті тәмамдаған жас маман кәсіпорынға келгенде білімін тәжірибеде бірден қолданатын болады, – деді Олег Перфилов.
Бұл бағдарламада жас мамандардың кәсіпорындағы жұмысына тез бейімделіп кетуі, кәсіби өсуі, жан-жақты дамуы, еңбек және білім саласындағы олардың әлеуметтік құқықтарын жүзеге асырылуы қарастырылған.
Сондай-ақ, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ жазғы демалыс кезіндегі студенттердің кәсіпорындағы жұмысына ай сайын екі минималды жалақы – 45 718 теңге көлемінде төлеуге дайын. Ал ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысып жүрген студенттерге кәсіпорын айтулы шәкіртақы тағайындайды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ академиялық жұмыс жөніндегі проректор, философ.ғ.к. Гаухар Ахметова өз сөзінде ел экономикасын көтеру мақсатында мемлекеттік ірі жобаларды іске асыру үшін жаңа бағыттағы мамандар қажет екенін атап өтті.
– «ПАВЛОДАРЭНЕРГО»-мен ынтымақтастығымыз алдағы уақытта маман дайындаудың сапасын арттыруға септігін тигізеді. Және бұл бағдарлама арқылы студенттердің білім алу барысындағы тәжірибелік машығы да арта түседі, – дейді Гаухар Ғалымқызы.