2016 жылғы 30 қаңтар күні С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» –«Серпін - 2050» мемлекеттік бағдарламасы республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов айтулы бағдарлама бойынша білім алып жүрген студенттермен жоспарлы кездесу өткізді.
С. Торайғыров атындағы ПМУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысқан кездесуде «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырудағы нәтижесі талқыланды.
Кездесу барысында қонақ С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың тыныс-тіршілігін көріп, материалдық-техникалық базасымен танысты. Университеттің «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша атқарып жатқан жұмыстар мен жүзеге асырып жатқан жобаларға да баға берілді.
Биылғы оқу жылында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде еліміздің оңтүстік аймақтарынан келген 300-ге жуық «Серпін-2050» бағдарламасының грант иегерлері білім алуда. Аталмыш бағдарлама техникалық мамандықтарға баса ден қойғандықтан, Павлодар мемлекеттік университетінде оқып жүрген серпіндіктер техникалық мамандықтарды игеруде.
Мұрат Әбеновтің айтуынша, айтулы бағдарлама солтүстік аймақтарда мамандар тапшылығын төмендетіп, оңтүстік өңірлердегі жұмыссыздар санын азайтады.
– Бүгінгі таңда білікті де білімді мамандарға сұраныс өте жоғары. Мамандарды жоғары деңгейде даярлауда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті тек аймақта ғана емес, сонымен бірге республика бойынша көш ілгері келеді. Ал осы университетте «Серпін-2050» жобасы бойынша білім алып жүрген студенттер еліміздің экономикасы мен осы аймақтың дамуына өз үлестерін қосады деп санаймын», – деді Мұрат Әбдумалитұлы.
Тағы да Мұрат Әбенов өз сөзінде Павлодар мемлекеттік уиверситетінде «Серпін -2050» бағдарламасымен білім алып жүрген студенттер үшін бизнес орталық құру туралы айтып өтті. Қонақ С. Торайғыров атындағы ПМУ-да бизнес инкубатордың құрылуына бар алғышарттар жасалғанын және студенттің кәсіпкерлікпен айналысып, табысты болу жолы оқу орданың даму қағидаттарына сай екенін жетікзді.
Кездесу барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев студенттерді сапалы білім алуға шақырды. «Жарты ғасырдан астам тарихы бар жоғары оқу орны өз студенттерінің өмірде табысты болғанын қалайды. Сондықтан, біз студенттеріміздің табысты болуы үшін сапалы білім беруді мақсат етеміз», – деді университет басшысы.
Сонымен қатар, оңтүстік аймақтардан білім іздеп келген студенттер Мұрат Әбдумалитұлына мазалаған сауалдарын қойып, С. Торайғыров атындағы ПМУ білім сапасы мен жатақханадағы тұрмыстық жағдайларымен бөлісті. Мұнымен қоса, студенттер С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне оқуға келгендеріне дән риза екендерін айтып, ректорға өз тараптарынан алғыстарын білдірді.
Кездесу соңында қонақ жас блогерлермен кездесіп, өзінің блогерлік бағыттағы жетістіктерімен бөлісіп, кеңесінен аянып қалмады.