С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Павлодар қаласының жалпы орта білім беру мектептері мен колледждерінің болашақ түлектеріне есігін айқара ашты.

С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өткен ашық есіктер күніне Павлодар қаласының жалпы білім беру мектептерінің жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері,  ата-аналары мен ұстаздары қатысты.

Ашық есік күнінің ашылу салтанатында Павлодар мемлекеттік университетінің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры, филос.ғ.к., Гауһар Ахметова С. Торайғыров атындағы ПМУ аймағымыздағы көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі екенін сөзге тиек етіп, білім орданың жетістіктері туралы әңгіме өрбітті. «Білім алушылардың білім беру сапасын арттыру үшін биылғы оқу жылынан бастап халықаралық байланыстарды дамытуды тереңдетіп, көшбасшылық және кәсіпкерлік бойынша арнайы курстарды енгізуді қолға алдық», – деді Гауһар Ғалымқызы.

С. Торайғыров атындағы ПМУ – Қазақстан Республикасының көпсалалы жоғары оқу орындары арасында үздік бестік қатарында, Еуропалық Университеттер Ассоциациясына мүше, «Еуроаплық сапа» халықаралық марапатының иегері, оқу ордада әлемдік деңгейдегі шетелдік ғалымдардың дәрістері оқылады, сонымен бірге университет өңіріміздегі үш сатылы: бакалавриат, магистратура, PhD докторантура бойынша білім беретін бірден бір жалғыз мемлекеттік оқу орда.

С. Торайғыров атындағы ПМУ факультеттерінің декандары Павлодар мемлекеттік университетінің студенті атанудың жолдары турасында, университет қабырғасында білім алудың артықшылығы мен білім ордасының алыс-жақын шетелдермен байланысы жайында егжей-тегжейлі баяндап берді. 

Сонымен қоса, жиылғандар назарына С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің басты трендтері, факультеттер бойынша бекітілген мамандықтар жайлы бейнефильм ұсынылды.

Ізгі дәстүрге сәйкес қонақтар құрметіне Павлодар мемлекеттік университеті студенттік филармониясының шығармашылық ұжымдары мен орындаушылары өнер көрсетті. Сонымен бірге, «Павлодар жастар құрамасы» КВН командасы қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мереке соңында болашақ мектеп түлектеріне жоғары оқу орнының мамандықтары бойынша кеңестер ұсынылып, келешекте жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпараттар берілді.