С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Біріккен Ұлттар Ұйымының үлгісі – Жаңа жібек жолы» отырысы өтті.
Біріккен Ұлттар Ұйымы үлгісі бағдарламасы АҚШ-тың Бас консулдығы, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолдауымен жүзеге асты.
БҰҰ үлгісі студенттік жастардың қатысуымен жаһандық мәселелердің шешімін іздестіруге бағытталған. БҰҰ үлгісі мақсаттарының бірі – адам құқығын нығайтуды және БҰҰ барлық құрылымдарымен ынтымақтастықты үйлестіру бойынша азаматтық бастамаларды дамытуды көздейді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы үлгісі ғылыми конференция әрі рөлдік ойын ретінде өтеді. Оның барысында қатысушылар БҰҰ-ның бірнеше ресми тілінде осы ұйым құрылымдарының қызметі туралы әңгімелеп, өздерінің дипломатиялық, көшбасшылық, шешендік және тілдік қабілеттерін жетілдіреді.
Отырысқа Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мен магистранттары қатысты.
Шара дебаттық алаң форматында өтті. Студенттер жаһанда болып жатқан мәселелер – ерте жаста неке құру, лаңкестік сынды тақырыптарды ағылшын тілінде саралап, талқыға салды. Олар әр елдің өкілі ретінде күн тәртібіндегі мәселелерді саралап, шешімін табуға талпынды. Бұл отырыста студенттер көпшілік алдында ойын жеткізу, шешендік қабілетті дамытып, дипломатиялық мәдениетті тәжірибе арқылы үйренді.
«БҰҰ үлгісі – Жаңа жібек жолы» жобасының жетекшісі, Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазовтың айтуынша, С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері халықаралық конференцияларға оқу орда атынан қатысып, халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие бола алады.
– Студенттерді ынталандыру мақсатында Қазақстан және көрші елдерге сапарлар үшін гранттар қарастырылған. Қазақстандық онға жуық студенттер келесі жылы көктемде Үндістанға және тағы оншақтысы Италияға БҰҰ үлгісі конференциясына барады деп жоспарлап отырмыз, – деді Рафис Фанисович.
Отырыс соңында делегаттар ерте жаста неке құру мәселесі бойынша заңнамалық актіліерге түзетулер енгізу және «Неке және отбасы туралы» Заңды күшейту керек деген қорытындыға келіп, резолюция қабылдады.
Дебаттық отырыстың ең белсенді делегаты болып гуманитарлық-педагогикалық факультеттің студенті Бауыржан Зада танылды. Бауыржанның дипломатиялық әңгімелесуді сауатты жүргізуі, белгілі тақырыпты дөп жеткізе алатындығы, ағылшын тілін еркін меңгергені үздік болуына сеп болды. Ал жетістігі үшін Бауыржанға 2016 жылы Алматы қаласында өтетін БҰҰ халықаралық үлгісіне қатысу гранты берілді.