С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты дөңгелек үстел өтті.
Профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттермен өткен кездесуге қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым және Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, саясаттанушы Досмахамбет Көшім, Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Қабжан Еділбай, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, «Ертіс дидары» газетінің редакторы Арман Қани келді.
Бұл кездесу ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мұрындық болуымен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өтті.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» жобасының мұраты – орыстілді азаматтар арасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі, қазақ тілінің Қазақстандағы этностардың бірлігі мен ынтымағының кепілі ретіндегі, қазақ тілінің қоғамдық көпшілік орындардағы, қазақ тілінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі, қазақ тілінің ғылым-білім т.б. саласындағы қызметі турасында сөз қозғау, пікір алмасу.
Айдос Сарымның айтуынша, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруге бағытталаған еліміздің солтүстік өңірлерінде әлі 36 кездесулер өткізу көзделуде. «Ал біздің мақсатымыз орыстілді азаматтарды қазақ тілін үйренуге шақырудан гөрі, мемлекеттік тілдің мәртебесін жеткізіп, қазақ тілінің болашақтағы әлеуеті мен келешегіне мән беруге шақыру. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтерде, банктерде, қоғамдық өмірдің кез келген салаларында тек орыс тілін білгеннен гөрі, екі тілді де қатар меңгерген мамандарға артықшылықтар бере бастады. Енді күн өткен сайын мемлекеттік тілді игерген мамандарға деген сұраныс арта беретін болады, – деді Айдос Сарым мырза.
Белгілі қоғам қайраткері Досмахамбет Көшім өз сөзінде орыс тілді азаматтардың қазақ тілін меңгермеуіне басты себепті қазақтілді ортаның жоқтығынан деп түсіндірді. «Қазақтілді ортаны мемлекеттік құрылымдардан құруды бастаған жөн болар. Мемлекеттік орган қызметкерлерінің қазақ тілінде сөйлеуі, іс қағаздардың қазақ тілінде жүруі тілге мәртебе беретіні анық», – деді саясаттанушы.
Кездесу барысында қонақтар республикадағы тілдік жағдайды, қазақ тілінің қоғамдағы алатын орнын, қолданылу деңгейі туралы және тілдік құқықтар турасында ашық әңгіме өрбітті. Әсіресе, студенттер қонақтарға тілдік кемістушілік, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына байланысты құқықтық нормалар төңіріегінде сауалдар қойды.
Шара барысында көпшілік назарына айтулы мемлекеттік бағдарлама аясында жарыққа шыққан баспа өнімдерінен көрме ұсынылды.