С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде оқу ордаға жаңа қадам басқан бірінші курс студенттерін «Студенттер қатарына қабылдау» салтанаты өтті.
Мерекелік концерттік бағдарлама Студенттік филармония ұжымының мұрындық болуымен өтті.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев студенттік өмірді жаңа бастаған студенттерге жүрекжарды құттықтау лебізін арнады. Университет басшысы Павлодар мемлекеттік университеті студентінің алдына қойылған талаптары мен мұраттарын саралап берді.
– Біріншіден, университет халықаралық байланыстарды тереңдетуде, сол себепті, студент шет тілдерін үйренгені абзал. Екіншіден, сутедент білікті маман болуы мақсатында бірқатар кәсіпорындарда бағдарлы кәсіптік тәжірибеден өтеді. Үшіншіден, студент кәсіпкерлік табыс философиясын меңгеріп, жоғары курс студенті атанғанда қаражат көзі бар кәсіп иесі болуы қажет. Төртіншіден, студент Көшбасшы болуды алдына мақсат етуі тиіс. Міне, ПМУ студенті осы бағыттарда өсуі қажет, – деді Арын Амангелдіұлы.
Бірнеше апта бойы факультеттер арасында өткен шығармашылық байқауда ерекше көзге түсіп, ұйымшылдықпен өнегелі өнер көрсеткен дарынды топтар марапатталды. Байқаудың нәтижесі бойынша бас жүлдені сәулет-құрылыс факультеті жеңіп алды. Бірінші орынды гуманитарлық-педагогикалық факультеті қанжығасына байлады. Ал металлургия, машинажасау және көлік факультетіне жүлделі екінші орын бұйырды. Үшінші орынды физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті иеленді. Ерекше өнерімен тамсандырған өнерпаздарды алғыс хаттар және дипломдармен марапаттады.
С. Торайғыров атындағы ПМУ – Ертістің Павлодар өңіріндегі алғаш бой көтерген жоғары оқу орны. Ал бүгінде оқу орда республика бойынша көпсалалы жоғары мектептердің үздік бестік қатарынан бой түзеуде.
Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Бірлік» студенттік Ассамблеясының, Жастар ісі бойынша комитеті, студенттік радио, дебаттық клуб, КТК, жастар қоғамдық бірлестігі, еңбек және спорт секцияларында өздерін шығармашылық және кәсіби қырынан танытып келеді.
С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті – білім алып, ғылыммен айналысып, еңбекті сүйіп, студенттік өмірін қызықты да танымды өткізуге құштар тұлға. Сондықтан, оқу орданың студентіне білікті маман, ұшқыр ойлы ғалым, мәдениетті әрі өнегелі азамат болуы үшін университет барынша жағдай туғызған.