С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Шанхай Тонгдз университеті Нұрлы жол және Жібек жолы экономикалық белдеуін құру бағдарламаларын дамыту аясында кадрларды дайындау туралы меморандумға қол қойды.
Келісілген құжат бойынша екі жақ көлік және көпір құрылысы, жобалық менеджмент және қытай тілін игеру бағыттары бойынша кадрларды дайындайтын болады.
Тонгдз университеті көлік, машинажасау, сәулет және құрылыс саласында білікті мамандарды даярлайтын үздік қытайлық жоғары оқу орны болып саналады. Тонгдзының сәулетші түлектері Қытайдың ірі ғимараттары мен көпірлерінің 50 пайызын жобалаған. Сондай-ақ, университет ғалымдарының өнертабыстары ішінде әлемдегі ең жылдам жүрдек пойызы – Маглев (Maglev) бар. Мұндай пойыз сағатына 500 км-ге жуық жүреді, әрі жаһандағы ең үнемді пойыздың санатында.
Меморандумға Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол» және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзинпиннің Жібек жолының жаңа экономикалық белдеуін құру бастамаларын қолдауға бағытталған «Бір белдеу – бір жол» халықаралық дөңгелек үстелі шеңберінде қол қойылды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, бұл құжат университеттің білім алушыларына ашылған тағы бір үлкен мүмкіндік әрі зор жетістік.
– Қытай мен Қазақстан Нұрлы жол және Жібек жолы экономикалық белдеуін құру бағдарламалары үшін кадрлар даярлайтын болады. Бұл іске Павлодар мемлекеттік университетінің қатысуын зор мәртебе санаймын, – деді Арын Амангелдіұлы.
Сонымен қатар, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Шанхай Тонгдз университеті бірлесіп технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігінің қолдауымен Қазақ тілі мен мәдениетін меңгеру орталығын ашты. Орталық Тонгдз университетінің кітапханасында қызмет атқаратын болады. Бұл – қазақ тілін оқытатын Қытайдағы алғашқы орталық.
Шанхай жоғары оқу орындарында қазақстандық 500-ге жуық студенттер білім алуда. Студенттер орталықта қазақ тілін, тарихын, мәдениеті мен дәстүрлі асханасын танып-білуге, оны насихаттауға мүмкіндік алады.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті орталыққа Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мәшһүр Жүсіптің еңбектеріне арналған кітаптар, 10 томдық қазақ тілін игерудің антологиясын және де қазақ тілі оқулықтарын сыйға тартты.