С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде халықаралық Қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Қалыптасқан игі дәстүр бойынша іс-шараға С. Торайғыров атындағы ПМУ әкімшілігі, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және облыс ардагерлері қатысты.
Жыл сайын қазан айының бірінші жұлдызында әлем жұртшылығы Қариялар күнін атап өтеді. Бұл тамаша дәстүр ардагерлердің қоғам өмірін дамытуға қосқан үлесін атап көрсетсе, екінші жағынан аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлық болып табылады.
Зейнеткерлермен кездесу барысында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев қарияларға ғұмырлары ұзақ, баянды да берекелі болсын деп ақ лебізін білдірді.
– Алдыңғы буын аға-апаларымызға, ерен еңбек үлгісін көрсетіп кеткен арда¬гер¬лерімізге осы бір қайырымдылық пен даналық көрінісі іспетті жарқын мере¬келеріңіз құтты болсын дейміз. Қазіргі таңда университетіміздің жеткен жетістіктері мен табыстары сіздердің атқарып кеткен еңбектеріңізбен тығыз байланысты екенін атап өткім келеді. Сол үшін сіздерге айтар алғысымыз шексіз», – деді Арман Айтмұхаметұлы.
Жиналған зейнеткерлер қауымына Павлодар Ертіс өңірінің белгілі өлкетанушысы, Павлодар қаласының құрметті азаматы, т.ғ.к., тыл ардагері Мария Тереник кейінгі жас ұрпаққа жүрекжарды ниетін жеткізді.
Қарттар күнін атап өту білім орданың игі дәстүріне айналды. Жыл сайынғы ұйымдастырылатын мерекелік шарада университеттің студенттік филормониясының әншілері, шығармашылық ұйымдары өз өнерлерін көрсетті.
Қариялар күніне орай ардагерлер қауымы өкілдеріне университет тарапынан қаржылай көмек көрсетілді, сонымен қатар, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.