C. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде экономикалық кеңесші Пьер-Ив Люка дәріс оқыды.
Дәріс инвестиция тарту, экономикалық даму мен ынтымақтастық мәселелеріне арналды.
Бұл шараға бизнес және құқық факультетінің профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттер, «ENACTUS» студенттік командасы – әлеуметтік және бизнес жобалар, стартап-жобалар құруды көздеген білім алушылар қатысты.
Пьер-Ив Люка тыңдаушылармен Павлодар өңірінің жағдайына орай экономиканың әртүрлі салаларына инвестиция тарту жолдарымен бөлісті. Дәріскер облыстың экономикалық құрылымына қарай еуропалық қорлар тарапынан метталлургия, мұнайхимия және машинажасау сынды салаларына инвестиция тартудың бірқатар нұсқаларын ұсынды.
Мұнымен қоса, халықаралық деңгейдегі экономикалық кеңесші өңірлік қорлар, оның ішінде «Даму» қоры мен халықаралық инвестициялық жобалар арқылы қаржыландырудың жолдарын баяндап берді.
Қонақ өз сөзінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің стартап-жобаларын алдағы қаржыландыру мүмкіндіктері бойынша еуропалық қорларға шығуға қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Пьер-Ив Люка – Еуропалық одақта сауда және жеке секторы бойынша кеңесші болып қызмет жасады. Ол Париждегі ЭЫДҰ-да бірқатар еуразиялық мемлекеттердің үкіметіне экономика бойынша кеңестерін ұсынып, табысты еңбек етті.
Халықаралық деңгейдегі сарапшы Қазақстанда 12 жылдан артық еңбек етіп келеді. Ол жеке субъектілер үшін мемлекеттік қатынастар, Қазақстан Республикасы Үкіметі үшін бәсекеге қабілеттілік пен инвестиция мәселелері жөнінде кеңес ұсынатын «K Consulting & Communication» компаниясын құрған.
Пьер-Ив Люка ағылшын, орыс тілдерін біліп қана қоймай, қазақ тілін меңгеруде.
Руфина Торпищеваның фотосы