С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Фрайберг тау-кен академиясының (Германия) магистранты Мартин Амдттың ашық дәрісі өтті.
Инженер мамандығында білім алып жүрген студенттердің тағылымдамалық айырбас бойынша халықаралық ассоциациясының (IAESTE) басты мұраты – жоғары техникалық оқу орындарының студенттеріне алдыңғы қатарлы шетелдік университеттер мен қазақстандық кәсіпорындардан тағылымдамадан өту арқылы кәсіби біліктіліктерін арттыру.
Фрайберг тау-кен академиясының магистранты Мартин Амдт Павлодар мемлекеттік университетіне география және туризм кафедрасында литология, страиграфия және минерология салаласы бойынша тағылымдамадан өту мақсатында келді. Тағылымдама қыркүйек айының 25-іне дейін жалғасады.
Тағылымдамадан өту барысында Мартин Амдт геология саласының негізгі ғылыми бағыттарына тоқталып, жұмыс тәсілдері мен қолданылатын құрылғыларының түрлері турасында әңгімелеп берді. Сондай-ақ, дәріскер студенттерге Фрайберг тау-кен академиясының білім беру үдерісінің ерекшелігі мен Фрайберг қаласының көрікті жерлерімен таныстырды.
Мұнымен қоса, шетелдік магистрант Павлодар мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өту барысында Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің геологиялық құрылымы мен тау тастарының минерологиялық құрамымен танысты.
Оның тағылымдама кураторлары Динара Есімова, Ғалымбек Ажаев, Антонина Царегородцевамен бірге атқарған жұмысының зерттеу нәтижесі ғылыми жұмыс негізінде жарияланатын болады.
Мартин Амдттың айтуынша, IAESTE бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланып ол С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өтуді өзі таңдаған. «Баянауыл табиғи паркінің географиялық ерекшеліктерінен хабардар болғаннан кейін, геолог маман ретінде парк табиғатымен және геологиялық ерекшеліктерін зерттеуді ұйғардым», – дейді шетелдік жас ғалым.
Мартин Амдт өз сөзінде ғылыми тағылымдама барысында Қазақстаннан, оның ішінде Павлодар өңірінен жақсы әсер алғанын атап өтіп, болашақта ол Қазақстанға тағы оралатынын айтты.