С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен «Ертіс» футбол клубы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қою рәсіміне С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев пен «Ертіс» футбол клубының директоры Игорь Елащук, команданың басты ойыншылары Эвандро Ронкато, Фернандер Кассай, Карлос Фонсека, Алассане Ндиайе, Томас Жирсак қатысты.
Келісім негізінде «Ертіс» футбол клубы спортшыларының С.Торайғыров атындағы ПМУ бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алуларына және шетелдік футболшылардың қазақ тілі мен орыс тілін игерулеріне жол ашылады.
Мұнымен қоса, «Ертіс» футбол клубының футболшылары С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері мен білім алушыларына арнайы шеберлік сыныптар өткізіп тұратын болады.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры өз сөзінде спортшылардың университетте білім алуына барынша қолдау жасалатынын мәлім етті. «Бұл келісім студенттер үшін тиімді. Футболшылардың университет қабырғасында білім алуы, шеберлік сынып өткізуі студенттердің футболға қызығушылығын арттыра түсіретіні анық», – деді университет басшысы.
«Ертіс» футбол клубының директоры Игорь Елащук сөзі барысында бұл өзара ынтымақтастық құжаттың спорттың дамуына жасалған жаңа қадам екенін атап өтті. «Біздің футболшылар өз ісінің шебері ғана емес, жан-жақты білімді болғаны дұрыс. Ал шетелден келген футболшылар біздің еліміздің тарихын, мәдениетін және тілін білуге құштар», – деп хабарлады «Ертіс» клубының басшысы.
Кездесуге жиналған студенттер өздерінің сүйікті спортшыларына сауалдар қойып, өз ауыздарынан клуб мүшелері туралы ақпарат алуға мүмкіндік алды.
Руфина Торпищеваның фотосы