С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің тарихшы ғалымдары Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақ хандығының құрылуы: ғылыми және саяси пікір-таласулар» тақырыбында Павлодар облысының мемлекеттік ұйымдарында ашық дәрістер оқыды.
Бұл дәрістердің мақсаты қазақстандық патриотизмді нығайтуға, қазақ мемлекеттілігі тарихын және «Мәңгілік Ел» идеологиясын насихаттауға бағытталды.
Ашық дәрістер Павлодар облысының Әділет департаментінде, облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде, облыс прокуратурасында, облыс ұлттық қауіпсіздік комитеті мен басқа да мемлекеттік мекемелерінде өтті.
Мемлекеттік орган қызметкерлеріне оқылған дәрістер тыңдаушыларды қызықтырып қана қоймай, Қазақ мемлекеттілігі төңірегінде өзара пікір-таластар да туғызды.
Дәріс барысында т.ғ.д., С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, Қазақ хандығы тарихының сарапшысы Лаура Жүсіпова заманауи қазақстандық қоғамда мемлекеттік сана мен жалпықоғамдық идеологияны насихаттаушы ретінде мемлекеттік қызметкерлердің қызметі аса маңызды екенін атап өтті.
– Іргесі берік мемлекетті құру үшін өткенді білуге міндеттіміз. Сол себепті, Қазақ хандығының 550 жылдығын ел болып тойлап жатқанымызды тарихымызды түгендеуге, еліміздің жарқын болашағын құруға салған сара жол деп түсінген жөн, – деді Лаура Қуандыққызы.
Дәрісте Қазақ хандығының дүниеге келуі, мемлекеттіліктің қалыптасуы, құқықтық тәрбиенің негізі болатын ұлттық құндылықтар, хандық биліктегі билердің рөлі, мемлекеттіліктің өткені мен замануи уақыт арасындағы сабақтастығы сынды мәмселелер қозғалды.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер биылғы жылдың қазан айында Павлодар мемлекеттік университетінде өтетін «Қазақ хандығы – Қазақстан Республикасы: мемлекеттік дамудың сабақтастығын қалыптастыру мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға шақырылды.