С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев әлемдегі тың зерттеу жұмыстарымен танымал – Stanford University жоғары оқу орнына іс-сапармен барды.
Stanford University – АҚШ және дүниежүзі бойынша жоғары мектептер арасындағы көптеген академиялық рейтингтерде алдыңғы қатардағы әрі тың зерттеу жұмыстарымен айналысатын әлемдегі белгілі университет.
Іс-сапар барысында Силиконды алқаптың инновациялық орталығымен меморандумға қол қойылды. Екі жақтық құжат негізінде Стенфорд және Беркли университеттерінен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне профессорлар мен табысты жас стартап-кәсіпкерлер шақырылатын болады. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде С.Торайғыров атындағы ПМУ қызметкерлері Силиконды алқапта шетелдік жоғары оқу орындарының байланыстары (Стенфорд, Беркли және т.б.) мен кәсіпкерліктің (Хьюлетт Паккард, Гугл, Инстаграмм, Уотсап, Фэйсбук, т.б.) стэнфордтық үлгісін меңгеру мақсатында тағлымдамадан өту көзделуде.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректорының мәлімдеуінше, Павлодар мемлекеттік университеті үшін Стэнфорд университетінің өңір экономикасы арасындағы терең қарым-қатынасы, кәсіпкерлікпен тығыз байланысы, студенттер мен аспиранттарды кәсіпкерлік рухта тәрбиелеуді дамытудағы тәжірибесі басты назарға алынды. «Павлодар облысының Қазақстанның ірі индустриалды аймағы екенін ескерсек, Силиконды алқаптың тәжірибесі өңір үшін өзекті. Университеттің инновациялық технологиялары ірі кәсіпорын кешендері мен қарқынды дамып келе жатқан орта және шағын бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қызмет ететіні анық», – деді Арын Амангелдіұлы.
Бүгінде С. Торайғыров атындағы ПМУ үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыстың кәсіпорындарымен бірлескен жұмыстар атқаруда. Бұл жұмыс – аймақтағы кәсіпорындармен көп жылғы еңбектің нәтижесі.
Павлодар мемлекеттік университеті ғалымдардың ғылыми жобаларын өндіріске тиімді ықпалдастығын іске асыру және экономика секторындағы мұқтаждықтарды толтыру мақсатында табанды еңбек етуде. Жоғары оқу орнының инновациялық салада нәтижелі жұмыс жасап отырған ғылыми орталықтарының бірі – «Ертіс» ғылыми-технологиялық паркі.
«Университеттің Павлодар облысының кәсіпорындары мен ұйымдарымен, тіпті республикамыздың басқа өңірлерінің кәсіпкерлерімен де тығыз байланысы ғылымдағы, өндіріс пен білім берудегі кең көлемді серіктестікке жетелейтіні сөзсіз», – деді өз сөзінде Арын Өрсариев.
Енді С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттерінің кәсіпкерліктегі тәжірибелік жұмыстарға шыңдалуына басты назар аударылатын болады. Студенттер білім ала жүріп, нақты кәсіпорындардың мәселелерін шешуге жұмылдырылады. Осылайша жұмысқа орналасу мәселесі де өз шешімін табады. «Студентті кәсіпкерлік рухта тәрбиелеуді жұмыс берушілермен бірге ынтымақтастықта ғана жүзеге асыра аламыз. Біз жұмыс берушілерден сапалы кадрларды дайындау үрдісіне одан әрі белсенді қатыса беруін күтеміз», – деп ескерді сөзінде Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры.
Бүгінгі күні аймақтағы ірі кәсіпорындарда Павлодар мемлекеттік университеті кафедраларының филиалдары жұмыс жасайды. Онда студенттер дәрістер тыңдап, семинарларға қатысып, зерттеу және тәжірибелік жұмыстыр, ғылыми зерттеулер, курстық, дипломдық жобалар мен дипломдық жобаларының қорғау жұмыстарын өткізеді. Оқу және ғылыми үрдіске кәсіпорындардың жетекшілері мен жетекші мамандары қатысады. Ал қосарлы білім беру арқылы білім алушылардың зерттеу жұмыстарының нәтижелері өндіріске енгізіліп, магистранттар мен докторанттар үшін диссертациялық жобаларына негіз болуда.