С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Қазақ тілін жеделдетіп оқыту және көп тілді білім беру оқу-ғылыми-практикалық орталығының базасында ЖШС «KSP Steel» павлодарлық кәсіпорнының жұмысшылары ағылшын тілі бойынша курсынан дәріс алуда.
Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша атқарылатын іс-шаралар жоспарында үштілді енгізу идеясы көрсетілген. Қазіргі уақытта 2015-2020 жылдарға арналған үш тілде білім беру Жол картасы әзірленуде. Ғылым, экономика, өнеркәсіп, әлеуметтік сала және мемлекеттік қызмет өкілдерінің ағылшын тілін меңгеруі өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Зауыт жұмысшыларының ескеруінше, оларға өткізіліп жатқан мұндай курстар болат құю өндірісіне жаңа әлемдік технологияларды енгізу үшін қажет. Ең үздік технологиялар АҚШ, басқа да шетелдерде жасалғандықтан, ағылшын тілін игеру олар үшін замануи технологияларды өндірісте қолдану кезінде алтын көпірге айналары сөзсіз. Университет қабырғасында зауыт жұмысшыларын оқыту – аймағымыздағы кәсіпорындарымен серіктестік қарым-қатынастың берік орнауының бастамасы бола алады.
«Металлургия», «Машина жасау», «Технологиялық машиналар және жабдықтар» мамандықтары бойынша магистратураға түсу үшін бүгінгі күнде қалыптасқан жағдайларды ескерсек, биылғы жылы гранттар саны артты.
Металлургия, машина жасау және көлік факультетінің деканы Төлеуғазы Тоқтағановтың айтуынша, зауыт жұмысшыларының магистратурада оқуы – Павлодар өңірі өнеркәсібінің дамуына зор ықпал етеді. «Зауыт жұмысшылары магистратурада білім алуы арқылы өз білімін жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар өнеркәсіп саласына енгізіліп жатқан технологияларды жетік меңгере алады», – деді Төлеуғазы Төкілұлы.
С. Торайғыров атындағы ПМУ-да зауыт жұмысшыларының өз мамандықтары бойынша білімдерін көтеруіне барлық жағдай жасалған. Мұнда зертханалар, тәжірибе алаңдары мен ғылыми-зерттеу орталықтары білім алушылар игілігіне қызмет етуде. Аймағымыздың алдыңғы қатарлы кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылып, мұнда студенттер тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар, алыс-жақын шетелдермен де серіктестік қарым-қатынастың арқасында магистрлер шетелге шығып, ғылыми тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттыра алады. Шетелде жүріп жинаған мол тәжірибесін олар өздері қызмет етіп жатқан кәсіпорынға енгізуге зор мүмкіндігі де болады. Жетістікке қол жеткізген бүгінгі магистрлер еліміздің әр облысында қызмет атқарып, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді.