С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев Павлодар облысының металлургиялық кәсіпорындарының жетекшілерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
С. Торайғыров атындағы ПМУ Павлодар облысының көшбасшы металлургиялық кәсіпорындарымен серіктестік қарым-қатынаста: «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазхром» ТҰК филиалы – Ақсу фероқорытпа зауыты, «KSP Steel» ЖШС, «Кастинг» ЖШС ПФ, «FormatMachCompany» ЖШС, «Қазэнергокабель» АҚ, «АиК» ЖШС, «Технологиялық желілер» ЖШС, «Павлодар құбыр илек зауыты» ЖШС т.б. өндіріс орындары.
Бүгінгі күні өңіріміздегі негізгі өнеркәсіптік әлеует металлургиялық кәсіпорындар еншісінде. Ал кәсіпорындардағы инженерлік-техникалық құрамының көбісі Павлодар мемлекеттік университетінің түлектері екені белгілі.
Арын Өрсариевтің айтуынша, ҮИИД МБ – 2 және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының арқасында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен павлодарлық металлургиялық кәсіпорындардың өзара әріптестік байланысы жаңа сапалы деңгейге көтерілді.
– Бүгінде жаһандық білім кеңістігінде көш бастап келе жатқан 100 ЖОО қатарына кіретін шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары мектептермен бірлескен оқу бағдарламаларын жасауға және іске асыруға серіктес кәсіпорындардың да ықпалы бар, – деді Арын Амангелдіұлы.
С. Торайғыров атындағы ПМУ – Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында бейінді магистратура бойынша метталлургия саласында жоғары білікті мамандарды дайындауда негізгі базалық жоғары оқу орнының бірі.
С. Торайғыров атындағы ПМУ металлургия кафедрасының меңгерушісі Мерхат Сүйіндіков металлургтарды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың жас мамандардың біліктілігін арттырудағы атқарып жатқан еңбегін жоғары бағалады.
– Студенттерге қосарлы білім беру шеңберінде С. Торайғыров атындағы ПМУ және кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық өңіріміздің әлеуметі мен экономикасының дамуына бағытталған ортақ ісіміз үшін және кәсіпорынға білікті де тәжірибелі мамандарды табуға өз пайдасын тигізуде, – деп қосарлы білім берудің жетістігіне тоқталды Мерхат Мәдениұлы.