С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушысы Астана қаласында өткен халықаралық «Ғылым мен білім саласына қажетті әлеуеттің дамуы» (Capacity Building Workshop on Inquiry Based Science Education) атты семинар-тренингке қатысты.
Ғалымдардың бас қосқан семинар жұмысына С. Торайғыров атындағы ПМУ биология және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Юлия Каниболоцкая белсенді қатысты.
Семинардың өтуіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігнің Ғылым комитеті, «La main a la pate» (LAMAP) Қоры (Париж қ., Франция), Экономикалық ынтымақтастық ұйымының ғылыми Қоры (ECO SF), Халықаралық ғылым, технология және инновация орталығы (ISTIC, Малайзия), ОЭС білім беру институты (Анкара қ., Түркия), Ислам Даму банкі (IDB) мұрындық болды.
Бұл семинар-тренингке Франция, Иран, Пәкістан, Түркия, Малайзия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның ғалымдары, оқытушылары мен жас ғалымдары қатысты.
Шараның мақсаты – ғылымға жаны жақын жастарды ғылыми идеяларын жобалауға, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру жолдарын көрсетіп, оқыту. Сондай-ақ, бұл семинар ғылым мен білім саласында озық жаһандық тәжірибелермен алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздеді.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің биология және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Юлия Каниболоцкаяның айтуынша, білім беру ісіне жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізу қажет.
– Ғылым мен білім билеген бүгінгі уақытта жас ғалымдардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, ғылыми-зерттеу жұмыстармен белсенді түрде айналысуына ықпал етуіміз тиіс, – деді Юлия Михаиловна.
Кездесу барысында ЭЫҰ елдеріндегі жаратылыстану ғылымын оқыту мүмкіндіктері және оның жетістіктері мен кемшіліктері, әртүрлі ұлттық әдістемелердің жетістіктерді арқау еткен дөңгелек үстелдер өтіп, жас ғалымдардың ғылыми жобалық тұсаукесер жұмыстары тыңдалды.
Семинар-тренингтің соңында алдағы уақыттағы халықаралық ынтымақтастықтың арнайы бағдарламасы жасалып, семинар жұмысына қатысушыларға сертификат табыс етілді.