С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, Арын Өрсариев пен университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы іс-сапармен Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылында орналасқан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесіне барып қайтты.
Іс-сапарға С.Торайғыров атындағы ПМУ профессорлық-оқытушылар құрамымен бірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы Нариман Исенов те барды.
Кесене басында жоғары оқу орнының қызметкерлері тазалық жұмыстарын жасап, ақын рухына құран бағыштады. Сондай-ақ делегация өкілдері Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мұражайына барды.
Жарты ғасырдан астам белесті бағындырған Павлодар мемлекеттік университеті қазақтың бағына біткен біртуар ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімімен 2000 жылдан бері аталып келеді.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев өз сөзінде Сұлтанмахмұт Торайғыров есімін алып жүрген оқу орда ақын кесенесіне қамқорлық танытуды парыз санайтындығын атап өтті. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болам» деген Сұлтанмахмұт Торайғыров өзіндегі бар оқу-білімді өзгеге беріп, халқы үшін күн сәулесіндей жарық болғысы келді. Сұлтанмахмұт атамыз салып кеткен жолмен бүгінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті адаспай келеді», – деді Арын Амангелдіұлы.
Мұнымен қоса делегация өкілдері ақын кесенесі маңындағы 2002-2007 жылдары университет археологтарымен зерттелген ежелгі сақ дәуіріндегі Торайғыр VI мәдени қорымдар кешеніне барды. Экскурсия барысында Павлодар мемлекеттік университетінің Ә.Марғұлан атындағы археологиялық зерттеу орталығының қызметкері Илья Мерц ескерткіштің ерекшеліктеріне және көшпенділердің дүниетанымы туралы қысқаша баяндап берді.
Торайғыр VI қорымы бірнеше «қойтас» ескерткіші мен «бұғылы» тастары бар «мұртты» 12 діни қорғаннан тұрады. Бүгінгі күні бұл ескерткіш бұғылы тастың насихатталуының солтүстік-батыстық ошағы болып саналады және Қазақстанның Солтүстік-Шығыс сақ мәдениетін қалыптастырудың бастапқы кезеңін бейнелейді.
Университет қызметкерлері атақты ақынның мұражайы мен зиратын өз қамқорларына алды. «Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мұражайы мен мавзолейіне қамқор жасау – біздің азаматтық парызымыз деп санаймын»,-деді Арын Өрсариев.
Сонымен қатар С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ә.Марғұлан атындағы археологиялық зертеу орталығы ғалымдары ежелгі сақ дәуіріндегі Торайғыр VІ қорымындағы табынушылық-жерлеу рәсімдері бойынша зерттеу жұмыстарын жалғастырмақ.